«Әлібек» саяжайының 300-ге жуық тұрғыны үйлеріне кіріп-шыға алмай отыр
Еңбекшіқазақ ауданындағы «Әлібек» саяжайының 300-ге жуық тұрғыны үйлеріне кіріп-шыға алмай отыр. Жер иесінің жалғыз аяқ жолды жауып тастаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еңбекшіқазақ ауданындағы Бәйтерек ауылдық округіне қарасты Әлібек саяжайының тұрғындарының айтуынша, жұрт жолсыз қалып отыр. Бірнеше жыл бұрын сатылып кеткен жол орнына жер иесі үй салған. Ал тұрғындардың өтіп жүрген жолы жеке кәсіпкерге тиесілі екен.
– Басқа жүретін жол жоқ. Көрші ауылға бара алмай қалдық. Бір айдан бері жол мәелесін айтып келеміз. Біздің 1-топтағы мүгедек қызымыз бар. Кеше арбаға тапсырыс бердік. Үйге әкеліп бере алмады, – деді саяжай тұрғыны Мархабат Қанетов.
– 1 қыркүйекке аз қалды, 3 балам бар. Үшеуі де мектепке барады. Біз жедел жәрдем көлігін де шақыра алмаймыз. Олар «жол жабық» деп келмейді, – деді саяжай тұрғыны Ильзира Қасымова
Жердің қолдан-қолға өтуінің салдарынан 60-қа жуық отбасы тығырыққа тіреліп отыр. Жауаптылар ауыл тұрғындарына көмектесуге дайын. Бірақ саяжай учаскесі ауылдық округке кірмейді. Демек, тұрғындар сотқа жүгінуі тиіс.
– Жер иесі үй салды. «Әлібек» саяжайына кіретін жол жабық тұр. Қолдау көрсетіп отырмыз. Егер сотқа берсе, әкімдік ұстанымын түсіндіреміз, – деді Бәйтерек ауылдық округінің әкімі Айбек Нұрланов.
Әкімдік өкілдері алдағы уақытта жеке тұрғын үй иесімен және кәсіпкермен келісімге келу жағы қарастырылатынын айтты. Мәселе шешімін тапппаса, тұрғындарға сотқа жүгінуден басқа амал жоқ.
Жансая Олжабек, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Ақтаудағы МАЭК қарызын қалай өтеп жатыр