Үйде мүгедек балаларды оқытуға кететін шығынды өтеу үшін берілетін өтемақы көлемін ұлғайтуды қарастырған жөн
Бүгін Алматы қалалық «Нұр Отан» партиясы бөлімшесінің кезектен тыс отырысында көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдау шараларына қатысты жиын өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жиында Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек көпбалалы отбасыдан шыққан балалардың балабақшаға жұмсалатын шығынын өтеу туралы ұсыныс айтты.
«Үйде мүгедек балаларды оқытуға кететін шығынды өтеу үшін берілетін өтемақы мен өмірлік қиын жағдайға тап болған кезде берілетін бір реттік атаулы көмек көлемін ұлғайтуды қарастырған жөн. Егер отбасы көпбалалы болса, онда балаларды балабақшаға орналастыру да қиын. Тұрмысы төмен көпбалалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақшаға кететін шығын өтемақысын төлеу мәселесін зерттеу қажет», - деді Бауыржан Байбек.
Одан бөлек бүгін Алматы әкімі көпбалалы отбасыларға заңнамалық және психологиялық кеңестер, реабилитациялық көмек көрсететін «Бақытты отбасы» орталығын құруды тапсырды.
Бұл бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасайтын сервистік орталық болып табылады, осы арқылы көпбалалы аналарды жұмысқа орналаса алады. Бұдан өзге, мегаполис басшысы 4 және одан көп балалары бар отбасылардың тұрғын үй алу үшін төленетін алғашқы жарнасының төлемін субсидиялау мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.