СҚО-да ауыл тұрғындары жер телімдерін қайтара алмай жүр

20.05.2021 20:39

1998 жылы тұрғындар өздерінің жер телімін жергілікті кәсіпкерге сеніп тапсырған

Almaty.tv

Солтүстік Қазақстанның Тайынша ауданы Тихоокеанская ауылының тұрғындары жергілікті агрофирмадан өз жерлерін қайтара алмай жүр. Сөздерінше, 20 жылдан астам уақыт бойы тұрғындар «Эксимнан» агрофирмасымен келісімшарт жасасып, өз жерлерін пайдалануға берген. Енді жер телімдері үшін төленетін ақыға көңілі толмаған халық кәсіпкерлерден жерлерін қайтарып беруді талап етіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

1998 жылы тұрғындар өздерінің жер телімін жергілікті кәсіпкерге сеніп тапсырған. Бастапқыда берілген уәдеге сәйкес, серіктестік елдімекен жұртшылығын белгілі мөлшерде қыс мезгілінде малға азық болар жем-шөппен қамтамасыз етуі тиіс еді. Алайда көпшілік серіктестік тарататын өнімдердің көлемі шартта белгіленген көлемнен бірнеше есеге аз екенін айтады.

«Менің 97 га жерім бар. Сол жерге бізге келген фирмадан келісім шарт құрып, жыл сайын пайымызды беріп тұрса дегенбіз. Жыл өткен сайын азайып жатыр. Өткен жылы менде 95 га жерге 2800 кг арпа, 7 орам шөп, 10 орам сабан берді. Қазір бәрінің бағасы қымбат. Ал бізге 5 пайыз беруі тиіс, соны толығымен бермей отыр», – деді ауыл тұрғыны Ермұрат Айтқұрманұлы.

Ауыл әкімдігінің алдында 50-ден астам адам жиналды. Жер телімдері үшін төленетін ақыға көңілі толмаған халық жерді қайтарып беруді талап етті. Алайда серіктестік басшылығы мүлікті банкке кепілге қойғанын айтты.

«Салықты өзіміз төлейміз. Біз жер алайық деп ауданға да, әкімдікке де бардық. Бізге көмектесетін ешкім жоқ. «Ол жеке фирма, өзінен сұраңдар» дейді. Олардан алайық деп сұрасақ, олар біздің жерді алып, кепілге қойып тастаған. Шаруа қожалық құрып, жерді игеретін жағдаймыз бар», – деді ауыл тұрғыны Аманбай Жарылғапұлы.

«Эксимнан» агрофирмасы қазіргі таңда жаңа инвесторлармен келісім шарт жасасқан. Ауыл тұрғындары болса бұл туралы бейхабар екенін  айтады.

«Зерновой Консорциум Казахстана» деген жаңа инвестор кірді. Мен «Эксимнан» осы кісілермен шартқа тұрдым. Олар бізге көмектеседі. Пайын кісілерге береді, жалақыны төлейді. 5 пайыз пайын беріп, шартқа тұрдық. Жер біздікі, техника олардікі. Егін себеміз, пай береді, жалақы төлейді. Біз оларға өнімді, шығарып салып беруіміз керек. Қазір банкте кепілде тұр. Оны қайтаруға фирманың әлі күші жетпейді. Шартта барлығы жазылған», – деді «Эксимнан» агрофирмасының директоры Жұмажан Айсин.

Халықтың ала алмай жүрген жерінің жалпы ауданы 18 мың гектарды құрайды. Өткен жылы 8 мың гектар жерге егін егілсе, биыл кәсіпкерлер 15 мың гектар жерге егін егуді жоспарлап отыр.

Тихоокеанская ауылында 120 үй бар. Төрт жүзге жуық адам тұрады. Айта кететін жайт, 13 мамыр күні Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заңда ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға сатуға, жалға беруге тыйым салынған.

Диана Есім, «Алматы» телеарнасы