Кәріз қалдығы тазартылмайды: ауыл тұрғындары сасық иіске тұншығып отыр

01.08.2024 01:31

Олар тазарту қондырғысын жабуды талап етті

Almaty.tv

Маңғыстау облысындағы ауыл тұрғындары кәріз суының иісіне тұншығып отыр. Халық қаланың барлық сарқынды суы жиналатын кәріздік тазарту қондырғысының ауылға жақын салынғанына наразы. Көпшіліктің сөзінше, жағымсыз иіс жыл өткен сайын күшейіп келеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Басқұдық ауылының тұрғындары «мәселе 10 жылдан бері шешілмей келеді. Жыл өткен сайын күрделеніп барады» дейді. Базынамыз бар деп жиналған жұрт соңғы уақытта балаларда тері ауруы пайда болып, ересектер өкпе ауруына жиі шалдығатынын айтты. Олар тазарту қондырғысын жабуды талап етті.

– Жел ауған кезде тұншығып, далаға шыға алмай қаламыз. Үйде отырамыз, терезе аша алмаймыз. Таңдайың кеуіп, мұрның бітеліп қалады, – деді Басқұдық ауылының тұрғыны Нұрлан Қарамырза.

– Сасық иіс сағат 3:00 мен 04:00 арасында шығады. Дем алу мүмкін емес. Балаларға аллергия шығып жатыр. Құзырлы мекемелер тексеріп, нақты нәтижесін шығаратын болар, – деді Басқұдық ауылының тұрғыны Арухан Убайдуллаева.

Ал әкімдіктегілер иістің қайдан келетінін және оның жергілікті тұрғындарға қандай әсері бар екенін анықтау үшін зерттеу жұмысын жүргізетінін айтты. Бұл стансадан бөлек, ауылдың іргесінде қоқыс полигоны мен аммиак селитрасын шығаратын зауыт бар көрінеді.

– Сасық иіс тек кәріз жүйесінен емес, қоқыс полигонынан да шығып тұр. Күн ысыған уақытта екі жақтан келетін иіс күшейеді. Себебі ауа температурасы көтерілген сайын, қоқыста химиялық реакциялар пайда болады, – деді қоғамдық кеңестің өкілі Әсет Бисекенов.

Бірнеше ай бойы облыс экологтары қала маңындағы ауылдарда ғана емес, Ақтау қаласында да пайда болатын жағымсыз иістің себебін анықтады. Нәтижесінде қаланың сарқынды сулары «Қошқар» ата қалдық қоймасына тазартылмай ағызылып жатқаны белгілі болды.

– Экология департаменті құқықбұзушылықты анықтаған. Кәріз тазарту жүйесін жауып тастаса, қалдықты қайда төгеміз? Әрине, нәжіс болған соң иіс болатынын ескерейік. 2025 жылы барлық санитарлық нормаға сай жұмыс істейтін станса құрылысы аяқталады, – деді Энергетика басқармасының бөлім басшысы Анвар Туляков.

Кәріз тазарту стансасын санитарлық талапқа сәйкестендіру үшін құрылыс жұмысына 11 миллиард теңгеден артық қаражат бөлінген. Шенеуніктердің айтуынша оның орын ауыстыру кеш. Ал ауыл тұрғындары «кәріз стансасының мәселесі шешілсе, қоқыс полигонынан шығатын жағымсыз иістен қалай қорғанамыз?» деп уайымдап отыр.

Оқи отырыңыз: Ашуланған ана 4 айлық сәбиін диванға ұрып өлтірді