Ауыл әкімдерін сайлау: Талғар ауданында сайлау барысы қалай өтті

26.07.2021 01:15

Almaty.tv

Бүгін еліміздің 730 елді мекені жаңа басшысын таңдайды. Ауыл әкімдерін сайлау биыл алғаш рет өткізіліп жатқан саяси үрдіс. Ал Алматы облысында барлығы 235 үміткер тіркелген. Бүгін кімнің аты оза шабатынын білетін боламыз. Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы Алматы облысындағы сайлау учаскелерінің бірінен тікелей қосылымға шықты. 

Бұл Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылындағы №45 мектеп. Мұнда 2 сайлау учаскесі бар. Таң атқалы тұрғылықты мекен жай бойынша тіркелгендер келіп, өз таңдауын жасап жатыр. Барлық санитарлық талаптар сақталғанын айта кету керек. Кіреберісте дауыс берушінің дене қызуы тексеріліп, бетперде тағу талабы ескертіледі. Осы ретте байқаушылардан сайлаудың қаншалықты ережеге сай өтіп жатқанын сұрап білдік.

Айта кетейік, Алматы облысында барлығы 235 үміткер тіркелген. Оның 153-і, яғни 65 пайызы өзін-өзі ұсынса, 82-сін саяси партиялар ұсынған. Аудандық сайлау комиссиясының мәліметінше, үміткерлердің ең жасы 25-те болса, ең үлкені 62 жаста. Әкімді сайлауға ниет білдірушілер қатары көп. Тұрғындар басшысын өзі таңдауға мүмкіндік берілгеніне дән риза. Бұл – ауылды көркейтуге бағытталған айқын қадам екеніне сенімді. 

«Президентті сайлап жатқанда неге әкімдерді сайламаймыз? Депутаттарды да сайлаймыз. Әрине әкімдерді де сайлауымыз керек. Ол адам тұрғындарға дұрыс көзімен қарап, ауылдағы кемшіліктерді жөндесе деп ойлаймыз. Жөндейтін шығар енді қарасам міне жастар. Жастарды сайлаған дұрыс», – деді Бесағаш ауылының тұрғыны Серікбай Бектұрымов.

Бүгін ауылдағы ағайын үшін басшының есімі белгілі болмақ. Ал, Ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі өзгерген жоқ. Олар бұрынғыша 4 жылға сайланады.