Нұр-Сұлтанда ұрылар емханада тұрған банкоматты тонамақ болды

31.05.2019 20:45

Олар банкоматты шарқайрақтың көмегімен бұзбақшы болған

Нұр-Сұлтанда алаяқтар шарқайрақпен банкомат бұзбақшы болған, деп хабарлайды елордалық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

«Екі елорда тұрғыны мен Ақмола облысының азаматы қалалық емханалардың бірінде орналасқан банкоматтан ақша тонамақшы болған. Кешкісін мекемеге келген олар күзетшіні есінен тандырып, банкоматты шарқайрақтың көмегімен бұзбақшы болған. Істерін жүзеге асыра алмаған алаяқтар жасырынып қалған», - делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері жасырын камералардың көмегімен күдіктілерді ұстады. Олар 38, 34 және 29 жастағы үш азамат болып шықты.

Тергеу амалдары барысында олардың бұған дейін қала дүкендерінің бірінен төлем терминалын тонағаны анықталды. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына тоғытылды. Олардың елорда аумағында бұдан басқа қылмыстық істерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.