Ақын қазасы туралы мәлімет әзірше жоқ
Белгілі ақын, бүгінгі қазақ поэзиясының қара нары Шөмішбай Сариев 75 жасқа қараған шағында дүниеден озды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазаға қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, жеделхат жолдады. Шөмішбай Сариевтің әсем сөздерімен өрілген өлеңдері мықты композиторлардың әндеріне арқау болды. Дарын иесі қазақ әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосты. Франца Кафка атындағы Халықаралық сыйлықтың лауреаты болып, «Тарлан» сыйлығын иеленді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды. Мезгілсіз дүние салған ақын туралы әріптестері естеліктерін бөлісті.
Арал маңында туған ақын еңбек жолын аудандық газеттерде бастап, «Қазақстан» баспасында редактор, «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер қызметтерін атқарды. Филология ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленді. Өзі өлең шығарып қана қоймай, шетелдік ақындардың поэзиясын қазақ тіліне аударумен айналысты.
«Қазақ өнері деп өмір сүрдің. Қазақтың мәртебесін көтеріп өттің. Әсіресе, соңғы бірер жылдың ішінде марқұм болып кеткен Кеңес досың екеуің қазақтың ән өнерін биікке көтеріп едіңдер», – деді ақын, драматург Нұрлан Оразалин.
Шөмішбай Нағашыбайұлының музыкаға жазылған өлеңдері кеңінен танымал. Әсіресе, «Сәлем саған туған жер», «Атамекен», «Бозжорға», «Өзің куә, Алматым» сияқты шығармаларының шоқтығы биік. Оның алғашқы жыр жинағы «Балдәурен» деген атпен жарық көрген. Саналы ғұмырында 15 кітап пен 300-ден астам шығарма жазды.
«Шөкең әлі де жасайтыны көп еді. Шөмішбай мына Жұлдыз журналында 1974-1991 жылдары аралығында 16 жыл бойы журналдың поэзия бөлімін, басқа да бөлімдерін басқарды. Осы біздерге сан рет қамқорлығын көрсеткен», – деді «Жұлдыз» журналының бас редакторы, ақын Ғалым Жайлыбай.
«Әрқашан жарқын жүзді, әзілімен қалжыңымен алдыңды орап, үлкенге үлкен демей, кішіге кіші демей, сондай бір тамаша бейнеде өтті өмірден», – деді ақын Ғалым Қалибекұлы.
Ақынның теңдесіз туындылары халық жадында қалады. Оның мұрасы өскелең ұрпаққа өнеге болмақ.
«Алматы» телеарнасының ұжымы ақынның жақындары мен туған-туыстарының қайғысына ортақтасып көңіл айтады.
Назкен Еркін, Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы