Мұның барлығы халықтың қамы, ұлттың саулығы үшін атқарылып жатқан шаралар
Алматы пандемиямен күресті дер кезінде қолға ала білді. Рас, қиын кезеңдерді бастан өткердік. Әсіресе, жазда індет өршіп, ұлт саулығына қауіп төнген сәттер болды. Бірақ, сала мамандары дұрыс қорытынды шығарып, сәтті қадамдар жасады, деді КСРО және Қазақстан Республикасының халық әртісі Асанәлі Әшімов, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Almaty Akshamy-на сілтеме жасап.
«Жағдай күрделі болса да, барлығын бақылауда ұстады. Дер кезінде жаңа госпитальдар пайда болды, стационарларда орын тапшылығы болған жоқ. Халықты ақпараттандыруда да жақсы жұмыстар жүргізілді. Көшелерде індет кезінде босаңсуға болмайтынын ескертетін түрлі плакаттар ілінді. Мұның барлығы халықтың қамы, ұлттың саулығы үшін атқарылып жатқан шаралар екенін бәріміз жақсы түсіндік.
Дегенмен, қаламызда карантин әлі де жалғасып жатыр. Барлығымыз бетперде киіп, ережелерге сай санитарлық талаптарды сақтауды үйрендік. Алматының тіршілік қазаны қайнап жатыр. Сауда нүктелері, мәдени орындар жұмыс істеп тұр. Бұл адамдардың болашаққа оптимистік көзқараспен қарауы үшін өте маңызды нәрсе.
Мен теледидардағы жаңалықтарды қалт жібермеймін. Сонда Еуропаның көптеген қалаларында, АҚШ-та жағдайдың қаншалықты қиын екенін көремін. Ол жақта қатаң карантин енгізіліп, ұзақ мерзімге, жарты жылға жуық уақытқа ірі дүкендер жабылып жатады. Бұдан экономика да, адамдар да зардап шекпей ме? Мойындау керек, оларға қарағанда біздің жағдайымыз әлдеқайда жақсы. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың және әкімдік бөлімшелері қызметкерлерінің сауатты әрі сәтті қадамдарының арқасында біз ондай шектеулерді көрмедік. Байқаймын, бүгінде Алматы мен оның тұрғындары бір командаға айналғандай. Шаһар тұрғындары қала басшылығын барынша қолдап отыр. Мен соған ризамын. Бұл дегеніміз қоғам мен билік арасындағы байланыстың қандай екенін көрсетеді. Десек те қауіпті індетпен күресудің негізгі қаруы – тәртіп пен бірлік. Сондықтан еңсемізді көтеріп, бірлік пен ынтымағымызды көрсетіп, тәртіпке бағына жүріп, күресімізді жалғастыра берейік. Бұл күн де өтер.
Қала басшысына, жауапты сала мамандарына және алматылықтарға пандемиямен күресте табандылық тілеймін!» – деп атап өтті КСРО және Қазақстан Республикасының халық әртісі Асанәлі Әшімов.