Енді турне аясында үлкен концерт 9 қазан күні Баку қаласында өтеді
Түрксой жастар камералық оркестр құрамы әлемге әйгілі шығармаларды орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Оған Татарстанның Халық артисі Ренат Салаватов және Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Анвар Акбаров сынды танымал өнер адамдары дирижерлік етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
ТҮРКСОЙ жастар камералық оркестріне түркі тілдес елдердің жетекші консерваторияларының талантты студенттері мен түлектері таңдап алынған. Қазіргі таңда құрамында 22 азамат бар. Музыканттар Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркменстан, Түркия және Татарстан секілді жан-жақтан жиналған.
«Тек қана түркі елдерінің композиторлары емес, кеше ғана солардың қол астында өскен Халмамедов, Фикрет Амировтер де бар. Кеңес Одағы ыдырағалы бері бұл музыканы естігеміз жоқ. Сондықтан әбден рахаттанып шықтық», – дейді ҚР Композиторлар қауымдастығының төрайымы Балнұр ҚЫДЫРБЕК.
«Әлемдік деңгейдегі, содан кейін ұлттық музыка орындалады. Одан кейін Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арнап тағы да бір шығарма орындады. Керемет әсер алдық», – дейді Гүлнар Ерғазина.
Аталған шара Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық Кеңесінің құрылғанына 10 жыл толуы құрметіне арналып ұйымдастырылды. Осы уақытқа дейін оркестр құрамында 10 елдің 100-ден астам талантты жастары өнер көрсеткен.
«Қатысушылар жыл сайын өзгеріп тұрады. Бұрын келгендерден бүгінде 5-6-ы ғана қалды, қалғандары түгел жаңа құрам. Осылай міне 9 жылдың ішінде көптеген музыканттар бұл жерден тәрбие алып шықты. Біздің басты мақсатымыз – түркі жастарының басын қосып, болашақта бір-бірімен шығармашылық байланыста болса деген ниет қой», – деді ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен ҚАСЕЙІНОВ.
Атап өтерлігі, мұндай концерт бұған дейін Түркістан облысының Шымкент, Тараз қалаларында өткен. Енді турне аясында үлкен концерт 9 қазан күні Баку қаласында жалғасын тапты.
Перизат Көмекбайқызы, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы