Цифрлық кодексті әзірлеу 2024 жылғы жоспарға енгізілді
Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң жобасы әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Цифрлық даму министрлігінің ақпарына сай, жоспар 5 негізгі бағыттан тұрады – инфрақұрылым, деректер, адами капитал, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, сонымен қатар, жасанды интеллект экономикасы. Цифрлық даму ведомствосының департамент директоры Дархан Мырзабаев бұл құжаттың маңыздылығын түсіндіріп берді.
– Цифрлық кодексті әзірлеу заң жобалау жұмыстарының 2024 жылға арналған жоспарына енгізілді. Бұл құжат тұжырымдамалық аппарат, негізгі міндеттер мен принциптер, құқықтық қатынастардың субъектілері мен объектілері, құқықтар мен міндеттер деген бөлімдерден тұрады. Ал оның негізгі бөліміне цифрлық үкімет, деректер, жасанды интеллект, цифрлық инфрақұрылым және құралдар, киберқауіпсіздік кіреді, – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Инновацияларды дамыту департаментінің директоры Дархан Мырзабаев.
Оның айтуынша, тұжырымдама негізінде жасанды интеллект технологияларын қолдану, аталған жүйенің қауіпсіз жұмыс істеуі жөніндегі нормалар, жасанды интеллект этикасының қағидаттары мен оны пайдалануда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету көзделеді.
– Қазір Мәжіліс депутаттары министрлікпен бірлесіп, жасанды интеллектіні құру, дамыту және пайдалану кезінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар арасында туындайтын қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған жасанды интеллект бойынша заң жобасын әзірлеп жатыр, – деді Дархан Мырзабаев.
Оқи отырыңыз: Құмар ойынның құрығынан қалай бас тартуға болады