Жексенбі күні өткен экологиялық акцияға 500-ден астам адам қатысты. Оның қатарында еріктілер, студенттер және табиғатқа жаны ашитын қарапайым тұрғындар да бар. Енді мамандар 2 жыл ішінде қызғалдақтар гүлдеп, ал 5 жылдан соң ағаш жеміс береді деп сенеді. Жұмыстың нәтижесі бар деген қала әкімдігі дүйім елді «Жасыл Алматы» акциясына белсене қатысуға шақырады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«2-3 жыл болды осы қалаға егіп жатырмыз. 1-2 сорт бар. Арнайы Қазақстанға өсірілген, өндірілген Қазақстан және Назарбаев деген сорттар бар. Оны біз жылда Тұңғыш Президент саябағы аумағына егеміз. Жылда көктемде шығып тұрады. Енді таудың етегіне де өсетін болады», – дейді Алматы қаласы Жасыл экономика басқармасы басшысының орынбасары АйдынТЕМЕШЕВ.
Еске сала кетейік, сенбі күні бүкіл еліміз бойынша «Орман ек» экоакциясы өткен болатын. Оның аясында, Алматыдағы 110 мектепке 5 500 ағаш отырғызылды. Табиғатқа септігін тигізетін шараға 12 мың адам атсалысты. Жалпы қалада қараша айының соңына дейін 140 мыңнан аса тал егу жоспарда бар.
«Кішкентай да болса үлесімізді қоссақ дұрыс болады деп ойлаймын. Айтады ғой. Көп түкірсе көл болады дейді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дейді», – деді келушілердің бірі.
«Қаланың экологиялық жағдайы біз үшін өте маңызды. Және де осы бір акцияны қаламыздың әкімі Бақытжан Әбдірұлы бастаған соң барлық жастар қолдауға дайын екендерін көрсетті», – деді тағы бірі.
«Баяғыда алма көп болатын бұл жерде, қазір ондай алма жоқ. Оны біз жандардырмасақ, кім жандардырады. Кейін болашақ ұрпағымызға не қалады? Осылар өссе, ұрпағымызға қалады деп ойлаймын», – деді қатысушылардың бірі.
Қуан Нұрақын, Арсен Сандыбаев, Алматы телеарнасы