Елдегі пандемияға байланысты азық-түлік жиынтығы әрбір тұрғынның тұрғылықты мекенжайы бойынша жеткізілді
«Жетім көрсең, жебей жүр». Осындай атаумен бастау алған республикалық шара аясында Алматыда 500 мұқтаж отбасыға азық-түлік себеті таратылды. Орталық мешіттің бастамасымен ұйымдастырылған қайырымдылық акциясында себеттер барлық 8 ауданның тұрғындарына тізім бойынша үлестіріліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Елдегі пандемияға байланысты азық-түлік жиынтығы әрбір тұрғынның тұрғылықты мекенжайы бойынша жеткізілді. Әр қаптың ішіне ұн, май, макорон, күріш, шай, қант сынды қажетті өнімдер салынған.
«Ораза айы қабыл болсын! Баршаңызға Алла разы болсын! Осындай атсалысып жатқан азаматтар аман болсын. Ел іргесі тыныш болсын. Әрбір жасалған сауаптар мен амалдар еселене берсін», – деді қала тұрғыны Айнұр Саматова.
Рамазан кешірім мен жарылқау айы. Сауаптан үмітті әрбір адам үлкен мүмкіндікті иеленуге асығады. Осылай деген қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай алматылықтарды игі іске атсалысуға шақырады. Оның айтуынша, ниет еткен жандар карантинге байланысты көпшілікке ауызашар бере алмаса да, осындай сауапты іске себепкер бола алады.
«Рамазан айы – бұл қайырымдылықтың айы. Рамазан айында Пайғамбарымыз соншалықты қайырымды болатын болған. Хадистерде айтады қажет болатын болса, ескен желден де тез қайырымдылық мәселесінде қимылдайтын болған. Міне, осы игі мақсаттарды іске асырайық деген ниетпен бүгінгі шараны ұйымдастырып отырмыз», – деді қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай.