Қала әкімі сондай-ақ метро құрамын сатып алуға 8,2 миллиард теңге жұмсалатынын айтты
Алматыда көшелерді ұзарту үшін жекеменшікке өтіп кеткен жер телімдері мемлекеттің меншігіне қайтарылады. Бүгін қалалық мәслихат депутаттары бюджетке түзету енгізіп, аталған жұмыстарға 6 млрд теңге қаражат бөлуді мақұлдады деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ал, күзде республикалық бюджеттен Алматы қаласы үшін тағы 13 миллиард теңге қарастырылады екен. Аталған қаражат келелі мәселелерді шешуге жұмсалып, көлік жүйесін реттеуге бағытталмақ.
«Халықаралық байқау ұйымдастырылып, оған ірі түрік компаниялары қатысып жатыр. Біз елімізде ең алғашқы болып БРТ жүйесін енгіздік. Нәтижесінде, жолаушылар тасымалы 40 пайызға артты. Алайда әлі де болса, метроға көп көңіл бөлуіміз қажет. Оның қымбат жоба екені рас, бірақ маңызды әрі керек дүние. Тағы бір мәселе, Алматы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан, құрылысқа ерекше назар аударуымыз қажет. Алдағы уақатта осы саланы дамытуға 2 миллиард теңге қарастырмақпыз. Ал, 2021-ші жылға қарай «Сарыарқа» және «Достық» бекеттері пайдалануға беріледі. Бұл жолаушылар тасымалын екі есеге арттырмақ. Екі нысанда да жүріп-тұруы қиын мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалып, әжетхана қарастырамыз. Өкінішке орай, қазіргі бекеттерде олар жоқтың қасы», – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.
Қала әкімі сондай-ақ метро құрамын сатып алуға 8,2 миллиард теңге жұмсалатынын айтты. Ал мемлекет меншігіне қайтарылған учаскелерде Сейфуллин-Жансүгіров, Емцом-Райымбек және Абай көшесін ұзарту жұмыстары жүргізіледі. Аталған 6 миллиард теңге осы мақсатқа жұмсауға бөлінген.