Төтенше жағдай тәртібін бұзған жастар қамауға алынды
Алматыда төтенше жағдай тәртібін бұзған жастар қамауға алынды. Елдегі жағдайды елемей, қыдыруды жақсы көретіндердің әрекетін тәртіп сақшылары анықтаған. Мейрамхана иесі де еліміздің аумағында жарияланған төтенше жағдай тәртібін бұза отырып, өзіне тиесілі қоғамдық орын жұмысын тоқтатпаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұл жастар елдегі болып жатқан жағдайды, оның ішінде Алматы қаласындағы карантин тәртібін елемеген. Арнайы рейд кезінде тәртіп сақшыларымен бірге әкімдік өкілдері демалып отырғандардың үстінен түсті.
«Карантин басталғалы бері Бостандық ауданы әкімдігінде мобильді топ құрылған. Ол құрамға Бостандық ауданының әкімдігі, прокуратура, жергілікті полиция басқармасы қосылған. Қазіргі таңда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз байқап тұрғандай, Абай даңғылы 26-да орналасқан "Мята" мейрамханасы жұмыс істеп жатқаны анықталды. Әкімшілік хаттамаларын толтырып, мейрамхананы жабалды», – деді Бостандық ауданы кәсіпкерлік және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Талғат ҚҰРМАНБЕКОВ.
Қазір аталған тәртіп бұзу дерегі бойынша Полиция департаменті әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша 10 адамды жауапқа тартқан. Олардың іс материалдары сотқа жіберілетін болады.
«Яғни, төтенше жағдайдың режимін бұзу дерегі бойынша барлығы жауапкершілікке тартылады. Өкінішке қарай, санасыз азаматтардың кездесуі төніп тұрған қауіпті жағдайдың барлық шындығын есепке алмайтынын білдіреді. Сондықтан да олар қатаң жазаға тартылады», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Құзырлы орган мамандары барлық қала тұрғындарын тез таралатын қауіпті індетке және еліміздегі төтенше жағдайға байланысты бекітілген ережелерді қатаң сақтауға, халықтың жаппай ауру жұқтыруына жол бермеуге шақырады. Ал, ережені ескермегендер қатаң жазаға тартылады.
Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы