Елімізде ауа райының қолайсыздығынан 289 елдімекен жарықсыз қалды – ТЖМ

31.03.2022 21:02
ашық дереккөзі

Соңғы күндері ауа райының қолайсыздығы салдарынан еліміздің 8 облысында 289 елдімекен электр жарығынсыз қалды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Биыл 29-30 наурыз күндері республиканың 7 облысы мен 2 қаласында қатты желдің салдарынан бірнеше нысан шатырының ұшуы (297 жағдай) тіркелді. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үйлер, жергілікті билік және құқық қорғау органдары мен тағы басқа нысандар бар. Төтенше жағдай салдарынан 8 адам, оның ішінде 3 бала зардап шекті. Олардың 4-і ауруханаға жатқызылып, қалғаны тексеруден соң үйлеріне жіберілді», - деді Юрий Ильин ОКҚ-де өткен брифингте.

Министрдің айтуынша, қолайсыз ауа райының салдарынан бірнеше өңір тұрғындары уақытша қиындыққа тап болды.

«8 облыстың 289 елдімекенінде ауа райы қолайсыздығынан болған апат салдарынан электр жарығы өшіп қалды. Барлығы 110 387 абонент электр жарығынсыз қалды. Атап айтқанда Ақмола облысы– 87, Қарағанды облысы– 25, Алматы облысы – 83, Атырау облысы – 10, Павлодар облысы– 70, СҚО – 12, Ақтөбе облысы – 1 және Жамбыл облысы – 1. Бүгін сағат 11.00-дегі жағдай бойынша 275 елдімекенде электр жарығы қалпына келтірілді. Дегенмен 3 облыстағы 14 елдімекенде 12 709 абонент әлі де болса электр желісіне қосылмаған», - дейді ол.

Бұған дейін аталған ведомство басшысы үйін су басқан тұрғындарға өтемақы төлене ме деген сауалға жауап берді.

Одан бөлек, брифинг кезінде еліміз бойынша су басу қаупі бар өңірлер аталды.

Теги: су