Халықаралық әйелдер күніне арналған шеруге 500-ден астам адам қатысқан болатын
Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан Үкіметтен 8 наурызда Алматыда өткен феминистік марштың заңнама талаптарына сәйкестігіне талдау жасауды сұрады. Ол «елдің дүниетанымына жат» ұрандарды көргенін айтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі paryz.kz сайтына сілтеме жасап.
Сондай-ақ ол Парламентке бір жынысты некеге тыйым салу туралы заң қарастыруды талап етті. Бұл туралы депутат Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді.
«Халықаралық әйелдер күнінде 5 феминистік ұйымның Алматы қаласында шеруге шыққаны белгілі. Біз БАҚ және әлеуметтік желілерде жарияланған роликтерді қарадық. Алматы әкімдігіне үндеуде көтерілген мәселелерден басқа, біз наразылық білдірушілер біздің дүниетанымымыз бен бірегейлігімізге жат нәрселерді көтергенін, тіпті, Қазақстанда тыйым салынған экстремистік ұйымдардың ұрандарын көтергенін көріп отырмыз. Бір қарағанда, бұл шеру үйдегі зорлық-зомбылыққа қарсы шеру сияқты. Алайда, митингтің күн тәртібі мүлдем басқа арнаға ауысты», – деді БекболатТілеухан.
Ол шерудегі белсенділердің өнерін рухани құндылықтарға шабуыл деп санайды.
«Алматыдағы митинг заң талаптарына сәйкес келді ме, әкімдік экстремистік топтардың алаңға шығуына жол берді ме, жоқ па, соны талдауды сұраймын. Балаларды зиянды ақпараттан қорғау үшін Парламентке жыныстық азшылықтардың азғындығынан, бір жынысты неке сияқты қорқынышты құбылыстардан қорғауға бағытталған заң енгізуді сұраймын», – деді депутат.
Еске сала кетсек, Халықаралық әйелдер күніне арналған шеруге 500-ден астам адам қатысқан болатын.