Енді ол айына миллион теңге стипендия алатын болады
Қызылордалық Жаннұр Ниязбекова Қытайда үздік студент атанып, табысты мансап жолына түсуде деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Dalainform сайтына сілтеме жасап.
Оның дос қызы әлеуметтік желіде «Қазақстанда қадірі болмаған кадр» деген тақырыппен жазба жариялады.
«Қытайда миллион жастың арасында үздік болып, Қытайдың президенттік стипендиясын алған алғашқы қазақстандық жайлы айтайын. Есімі – Жаннұр. Қызылорда облысы, Қаракөл ауылынан. Қазақстанда көптеген үміткер арасында бірнеше жыл докторантураға тапсырып, түсе алмаған құрбым бірінші бақ сынаудан-ақ Қытайдағы университетке түсіп кетті 3 жыл бұрын», – деп таныстырды Айдана Әбдірахманова.
Қазіргі уақытта ғылымдағы жетістіктеріне қызыққан Қытай телеарналары Жаннұрдан үнемі сұхбат алып тұрады екен.
«2-3 күн бұрын үздік студент атанды. Енді Жаннұр кез-келген Қытай компаниясына жұмысқа тұра алады, Қытайдың жоғары оқу орындарының біріне постдоктарантураға байқаусыз түсе алады. Айына миллион теңге стипендия алатын болады. Кеше оған Синьхуа агенттігі хабарласып, сұқбат алмақ болыпты», – деп баяндады құрбысы жайлы Айдана.
Жаннұрдың өзі «Қытайдың ең үздік студенті» атанғанын, Синьхуа агенттігімен бірге Шаньси өлкесіндегі шалғай ауылдан репортаж түсіргендерін растады.
«Білімді мыңды жығар, білекті бірді жығар” деген осы шығар. Бірді емес, миллардты жеңгенім менің ғана емес, қазағымның жеңісі деп білемін. Рақмет саған туған жерім, рақмет саған туған елім, рақмет саған Қазақ елім!», – деп тебіренді қаршадай қазақ қызы бұл атақтың қытайлық студенттердің өзіне әзер бұйыратынын атап өтті.