Отан алдындағы борышын өтеп жүрген сарбаз 7 тәулікке үйіне жіберілді

05.09.2022 21:07

Алматыға пойызбен жеткен сарбазды туған туыстары қарсы алды

Almaty.tv

Еліміздің Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметте жүрген сарбаздың отбасылық жағдайына байланысты демалыс берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Отан алдындағы борышын Нұр-Сұлтан қаласындағы Десанттық-шабуылдау әскерінің 68665 әскери бөлімінде өтеп жүрген Даниил Пазухинды ведомство 7 тәулікке үйіне жіберді. Қатардағы жауынгер осыдан 9 ай бұрын үйленіп, кейін бірден әскерге кеткен. Ал 27 шілдеде қызы дүниеге келіпті. Сүйінші хабарды бөлімше сержантынан естіген ол қатты қуанғанын айтады. Алматыға пойызбен жеткен сарбазды туған туыстары қарсы алды.

«Әйелімнің жүкті екенін әскерде ант қабылдағаннан кейін білдім. Алайда Отан алдындағы борышты өтеу – әрбір ер азаматтың парызы. Сондықтан осында қалатын болып ортақ шешімге келдік. Жұбайым да қолдау көрсетті. Сәбиіміздің дүниеге келгенін асыға күттім. Қызымды көруге мүмкіндік бергені үшін Қорғаныс министрлігіне алғысым шексіз», – деді қатардағы жауынгер Даниил Пазухин.