Тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған
Атырау облысы Доссор кентінің тұрғындары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған үйдің сапасына шағымданды. Олардың айтуынша, пәтердің есік-терезесі сынып, қабырғасы жарылған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
2020 жылы салтанатты түрде табыс етілген тұрғын үй әлеуметтік осал топтағы азаматтарға берілген. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған баспананың сапасы 3 жыл өтпей сыр бере бастапты. Қабырғасы сөгіліп, есік-терезесі сынып, сылағы түскен. Жел тұрған кезде үйдің шатыры да ұшып кеткен. Жиналған жұрт жарық жиі сөніп қалатынын айтты.
– Не суы, не газы жоқ. Жарық сөніп қалады. Есіктің жақтауы сөгіліп, құлап жатыр, терезеден шаң, қыста жел кіреді, – деді Доссор кентінің тұрғыны Ғалия Асанбаева.
– Біз неге пәтерге жөндеу жұмысын жүргіземіз? Күйеуім де, өзім де жұмыс істемеймін, көпбалалы анамын. Үйді жекеменшікке өткізіп берсін, өзіміз сынған жерін жөндеп аламыз, – деді Доссор кентінің тұрғыны Жанар Дүйсенбаева.
Көпбалалы ана Зәмзәгүл Елемесова шикілік бір ай өтпей жатып басталғанын айтты. Әкімдіктен қайыр болмаған соң, ай сайын 30-40 мың теңгеге бүлінген жерді жөндеп отыр.
– Бәрін қалтамыздан төлейміз. Масқара. Әкімдік өкілдерін жылда шақырамыз. «Алты айда жөнделеді» деген. Бірақ нәтиже жоқ, – деді Доссор кентінің тұрғыны Зәмзәгүл Елемесова
Ал атқамінерлер жарытып ештеңе айтпады. «Баспананың сапасы жаман емес, үйді тұрғындардың өздері күтіп ұстауы керек» деп қысқа қайырды.
– Тұрғын үй заңында және қызметтік қаулысында айқын көрсетілген. Бұл үйдің ішкі жөндеу жұмысына пәтер иесі жауапты, күтіп ұстауға міндетті. Ешқандай жарылған қабырғаны көрген жоқпыз, – деді Мақат аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Темірбек Өмірбай.
Тұрғындар облыс әкіміне барып, шағым айтпақ.
Оразай Нұртай, Нұрбек Шәйден, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы
Оқи отырыңыз: Көкшетауда автокөліктер заңсыз тіркелген