Петропавл тұрғыны тропикалық жәндіктердің алғашқы экзотариумын ашты

23.12.2021 22:20

Бүгінде оның экзотариумында Қазақстанда кездесе бермейтін экзотикалық жануарлардың 50 түрі өмір сүріп жатыр

Almaty.tv

Петропавл қаласының тұрғыны тропикалық жануарларды жинап, Солтүстік Қазақстан облысында жалғыз экзотариумды ашты. 35 жастағы ер адам осылайша сүйікті ісін кәсібіне айналдырып, облыс тұрғындарын ерекше тіршілік иелерімен таныстырып жүр. Бүгінде оның экзотариумында Қазақстанда кездесе бермейтін экзотикалық жануарлардың 50 түрі өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.      

Тагир Рамазанов – Солтүстік Қазақстан облысындағы жалғыз экзотикалық жануарлар көрмесінің негізін қалаушы. Ол күнделікті өмірде кездесе бермейтін питон, сарышаян, тарантул сынды тіршілік иелерін көрмеге орналастырып, келушілерді қабылдай бастаған. Оның айтуынша, Қазақстанда кездесе бермейтін ерекше экзотикалық жануарлар келушілерді өзіне тез баурап алады.

«Бұл – менің сүйікті ісім. Бала кезімнен пиранья асырап алуды армандадым. 3,5 жыл бұрын өзіме 10 пиранья балығын сатып алдым. Сосын ол туралы бейнероликтер түсіріп, ютубтағы парақшама жүктеп отырдым. Осылайша, экзотикаға деген қызығушылығым оянды», – дейді қала тұрғыны Тагир Рамазанов.

Тұрғын о баста тропикалық көрме ашамын деген жоспарының болмағанын айтады. Оның айтуынша, барлығы аяқ астынан болған. Бұған дейін темір ұстасы болып 13 жыл қызмет атқарып, үйреншікті жұмысынан бір сәтте бас тартқанын айтады. Жас кәсіпкер ол шешіміне ешқашан өкінген емес, әр адам жаны сүйетін іспен айналысуы керек деген ойда.

«Бір күні достарымызбен бас қосқанда, осындай экзотариум ашу идеясы келді. Тек демалыс күндері ғана көрме жасап тұрамыз деп ойладық. Бірақ ол кезде бұл ой жүзеге аспай қалды. Кейін араға бір жыл салып, көрмені өзім аштым. Күз айынан бастап керек жарақтарды дайындап, осы жылы шілдеде ойымды жүзеге асырдым», – дейді Тагир Рамазанов.

Бауырымен жорғалаушыларға жататын Соник шамамен 3 жаста. Жолбарыс питоны әдетте Үндістан, Пәкістан мен Бутан ормандарын мекендейді. Ол улы емес болып келеді. Сондықтан көрмеге келген адамдар оны емін-еркін ұстай алады. Экзотариумда бұдан, басқа жыланның 5 түрі өмір сүріп жатыр.

Экзотариумда тропикалық жануарлардың 50 түрі бар. Тагир Рамазанов олардың тыныс-тіршілігін, қалай тамақтанатынын бейнероликке түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктейді. Бүгінде оның YouTube каналында 21 мың оқырманы бар. Жас кәсіпкер әлі де болса экзотариумын жаңа тіршілік иелерімен толықтыруды жоспарлап отыр.

Алина Норғожа, «Алматы» телеарнасы, Петропавлдан