Проблемалық мәселелерді бірге шешеміз - Сағынтаев

07.02.2020 21:11

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданы әкімінің есептік кездесуіне қатысты

пресс-служба акимата Алматы

Аудан тұрғындарын алаңдататын басты мәселелер – бұрынғысынша жолдың, коммуналдық желілердің жоқтығы, абаттандыру мен аумақты жасылдандыру. Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков тұрғындарды газбен қамтудың 96%-ды құрайтынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өткен жылы «Мәдениет» ықшамауданы мен «Энергостроитель», «Теплоэнергетик» саябақтарына 6,8 шақырым газ құбыры тартылды. 1407 үйді газдандыру қажет, олардың 976-ы жеке үйлер, 431-і саябақтар.

Сумен қамту және кәріз желілері 79 және 68 пайызды құрайды. «Ақбұлақ», «АЗТМ», «Алғабас» ықшамаудандарына ұзындығы 107 шақырым болатын желілер тартылуда.

Аудан электр желісімен толық қамтылған. Дегенмен, 157 шақырым желі мен трансформаторлы қосалқы станциялар сот арқылы  иесіз деп танылып, оның 143 шақырымы  «Алатау Жарық» компаниясының балансына берілді. Айта кетерлігі, аудан тұрғындары коммуналдық қызмет төлемін жалпықалалық тариф бойынша төлей алады.

Есептік кездесу барысында тілектер де айтылды. Мәселен, эколог Тимур Елеусізов скверлерді абаттандыру бойынша көмегін ұсынды, сонымен қатар бұзақылар жасыл желекке зақым келтіретіндіктен, видеобақылау камераларын орнату қажет екенін атап өтті.

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Алатау ауданы тұрғындарының сұрақтарына жауап бере келіп, барлық проблемалық мәселелердің жүйелі түрде шешілетінін хабарлады. Ол үшін таяу уақытта аудандар әкімдері өз аумақтарын дамытудың үш жылдық шеберлік-жоспарларын әзірлейтін болады.

«Мұндай инфрақұрылымды жақсартатын және ауданның басқа да мәселелерін шешетін «Жол карталары» сіздердің белсенді қатысуларыңыз арқылы әзірленеді. Қала бюджеті шеберлік-жоспарларына сәйкес жасалады әрі бөлінетін болады», - деді Б. Сағынтаев. Ол әкімдіктің жұмысында тұрғындар пікірлерінің басты назарға алынатынын атап өтті.

Кездесу аяқталған соң аудан тұрғыны Жұмағазы Есжановтың өтініші бойынша Алматы әкімі асфальты, сыртқы жарығы жоқ, арық жүйесі бұзылған Доспанов пен Сұхамбаев көшелерінің бұрышына барды.

Мұндағы ағаштарды кесу қажет, өйткені олардың бұтақтары электр желісі мен байланысқа зиян келтіруі мүмкін. Бақытжан Сағынтаев тиісті басқармалар басшыларына жұмыс жоспарларына сай көрсетілген кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Айтар болсақ, өтініштерге жедел назар аудару үшін Алатау ауданында Whatsapp мессенджерінде +7 700 300 20 97 нөмірі бойынша чат ашылған.