Бұл дәрілер дәрігерлердің нұсқауынсыз беріледі
Атырау облысында 30 млн теңгенің дәрі-дәрмегі тегін таратылуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тапсырмасымен құны 30 миллион теңгені құрайтын дәрі-дәрмектер тұрмысы төмен отбасыларға тегін таратыла бастады. Тегін дәрі-дәрмектерді қала мен жеті ауданнан 3000 отбасы алады.
«Мемлекет азаматтарымызды қолдауды бір сәт те тоқтатпайды. Бұл аймақ басшысы Махамбет Досмұхаметовтің бастамасымен және «Біз біргеміз» облыстық қорымен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан шара. Бір-бірімізге көмек қолын созып, осындай қиын уақытта қолдау көрсету - бәріміздің ортақ міндетіміз, патриоттық парызымыз. Біз тұрмысы төмен 7 санатын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова.
Отбасыларға 30 түрлі дәрі-дәрмек салынған пакетті жеткізуге 50-ге жуық авто-ерікті мен «Jas Otan» Жастар қанатының еріктілері қатысуда. Дәрі-дәрмектер салынған пакеттер әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың 7 санатына беріледі. Атап айтқанда, аса мұқтаж жандарға, көпбалалы және табысы аз отбасыларға, бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жандарға, ерекше балалары бар отбасылар, төмен зейнетақы алатын және әлеуметтік аз қамтылған топқа кіретін зейнеткерлер, жетім балалар, тыл еңбеккерлері мен Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар мен оларға теңестірілгендер қамтылады.
«Волонтерлар дәрі-дәрмектерді жинап, оларды жеткізуді бір күн бұрын бастады. Әр жиынтықта маска, дене қызуын түсіретін дәрілер, сондай-ақ жөтелді басатын дәрі-дәрмек те бар. Біздің волонтерларымыз аманаттарды аман-есен иелеріне жеткізіп береді. Олар ара қашықтықты сақтайды»- деді еріктілер штабының жетекшісі Әйгерім Жәрдемқызы.