Елімізде мерзімді әскери қызметке шақыруға тіркеу басталды

13.01.2021 21:11

Алматы қаласы бойынша 7 мыңнан астам азамат борышын өтеуге тиіс

Елімізде мерзімді әскери қызметке шақыруға тіркеу басталды. Алматы қаласы бойынша 7 мыңнан астам азамат борышын өтеуге тиіс. Олар Қарулы Күштер қатарына, Ұлттық Ұлан сапына, Шекара және Мемлекеттік күзет қызметтеріне алынады. Айта кету керек, биыл медициналық тексеріс талаптары  өзгерген. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.

Елімізде пандемияға қарамастан, болашақ сарбаздардың денсаулығын тексеру мен оларды қабылдау карантин талаптарын сақтай отырып жүргізілуде. Мәселен, Бостандық ауданына қарасты әскери бөлімде мыңға жуық азамат тіркеуде тұр. Жігіттердің денсаулық жағдайын алдымен аудандық әскери дәрігерлік комиссия тексереді. Одан өткендер қалалық тексеруге жіберіледі.

«Қазір қаладағы 17 жасқа толған жасөспірімдерді есепке алу мақсатында әскери бөлімге шақырып отырмыз. Осы жұмыс арқылы біз әскерге жарамды азаматтардың санын, білім деңгейін және дене даярлығын айқындайтын боламыз», – деді Бостандық ауданы Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы орынбасарының міндетін атқарушы Полатжан Халилов.

Шақырушылардың басым бөлігі әскерге бару  әр жігіттің міндеті деп санайды.

«Жеке өз басым үшін әскерге барып келу маңызды. Себебі алдағы уақытта дзюдодан Қазақстанның ұлттық құрамасында болғым келеді. Ол үшін әскерге барып физикалық тұрғыда шыныққым келеді», – деді оқушы Әлен Мәди.

«Қазір әскери бөлімнен медициналық тексеруден өтіп жатырмын. Алдағы уақытта оқуға түспей қалсам, әскерге барып келуді жоспарлап отырмын. Бұл әр азаматтың Отан алдындағы борышы ғой», – деді әскерге шақырылушы Денис Паволодский.

Әскери дәрігерлік комиссия құрамында терапевт, хирург, психотерапевт те бар. Болашақ жауынгерлердің денсаулығына аса қатаң мән беріледі. Сондай-ақ, мерзімді әскерге қызметке бару үшін нарко және түрлі қатерлі ауруларға лабороториялық тестілеуден өтуі керек.  

«Қазір өткен жылдармен салыстырғанда, жасөспірімдердің денсаулық жағдайы мен физикалық түрде дайындығы тұрақты. Талап бойынша десанттық шабуылшы болғысы келетіндерге тәртіп қатаң. Олардың бойы ұзын, денсаулығы мықты болуы керек», – деді хирург Базарбай Әбдірайымов.

Елімізде жасөспірімдерді әскери есепке қою қаңтардан наурызға дейін жалғасады. Медициналық тексеруден кейін оларға арнайы тіркеу куәлігі беріледі. Бұл азаматтың әскери есепке қойылғанын білдіреді.

Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев, «Алматы» арнасы