Тәтті түбірдің салмағы рекорд орнатты
Жетісулық шаруалар қант қызылшасын өсіруге білек сыбана кіріскелі біраз жыл болды. Қазір барлық ауданда тәтті түбір егіледі. Биыл бұл қатарға алакөлдік диқандар да қосылды. Бүгінде Алакөл ауданындағы 20 шаруа қожалығы 500 гектарға еккен қант қызылшасын жинауға кірісті, деп Аlmaty.tv тілшісі іnform.kz-ке сілтеме жасап.
Жетісу облысындағы қант өндірісін дамытуға үлес қосып отырған шаруашылықта тәтті түбірдің ең үлкенінің салмағы 8 кг 623 г жетті.
Бұған дейін шаруашылық иесі қызылша өсіруді тиімсіз және қиын жұмыс деп санап, тек майбұршақ өсірумен айналысқан екен. Дегенмен биылдан бастап қант қызылшасына төлем зауыттан берілетін сома мен мемлекеттік субсидияны қоса алғанда 40 мың теңгеге өскендіктен тәтті түбір өсірудің табыстылығы артқан. Соған орай биыл шаруашылық қызылшаға ден қойған.
- Биыл Көксу қант зауыты америкалық элиталық сорт тұқымымен қамтамасыз етті. 8 гектардан 320 тонна өнім жинадық. Алқаптың бірінші бөлігінде бір тәтті түбірдің орташа салмағы 6 килограмға жетсе, ең ірісі 8 килограмнан асып отыр. Өнімдерімізді Ақсу қант зауытына өңдеуге тапсырдық. Келесі жылы тәтті түбірдің егіс алқабын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Мұндай өнімділікке қол жеткізу үшін тұқымның сорты да, агротехникалық талаптарды сақтау да, баптап өсіру мен суғару да – бәрі маңызды, - дейді шаруа қожалығының басшысы Жасұлан Сүлейменов.
Жалпы облыс бойынша осы жылы 370 мың тонна өнім жинау жоспарланған, бұл ретте 2 қант зауыты 71 мың тонна қант өндірмек. Алакөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, осы кезеңде 52 гектардан 1 250 тоннаға жуық өнім жиналды. Қазір Үшарал және Көлбай ауылдық округтерінде қызылша жинау науқаны жалғасып жатыр.
Оқи отырыңыз: Алматыда ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді