Өркениеттен жұрдаймыз: Жамбыл облысы тұрғындары жарықсыз отыр

24.01.2023 21:15

Билік бұқара базынасы көктем келе орындалатынын атап өтті

Almaty.tv.

Жамбыл облысы Байзақ ауданына қарасты елдімекенде тұратын қараша инфрақұрылым жүйесінің сапасыздығына наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Серік Оңғаров бұл ауылға 2007 жылы көшіп келген. Ол кезде өркениеттен жұрдай едік деп еске алады азамат. Биліктің шарапатын күтпей көгілдір отын, электр жүйесін көршілерімен бірлесіп өз қаражатына жүргізіпті. Кейіннен тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін әкімдік бірқатар жұмыстар атқарған. Бірақ атқарылған жұмыстың бәрі сапасыз болып шыққан көрінеді.

«Жол салмады, электр жарығы тартылмады. Бұл мәселенің барлығын ауыл тұрғындары бірлесе шештік. Газды өзіміз тарттық. Әкімдік 1-2 жыл бұрын су жүргізген, бірақ құбыр қатып қалды. Жарық жиі өшеді, қазір тұрғындар көбейді, қайта-қайта айтамыз. Жұмыс істемейді», – деді Бурыл ауылының тұрғыны Серік Оңғаров

Шағынаудандағы жаңа электр бағаналарына қатысты да халық жиі шағым айтады. Қисайып, электр сымдары газ құбырларына тиеді, жұрт жарықсыз қалады. Ал ауыз су жүйесі аяздан қатып қалған.

«Шағынауданда су құбыры ашық жатады. Айналасында балалар ойнап жүреді, «ішіне түсіп кете ме?» деп қорқамыз. Екі жыл болды. Қанша айтамыз, әкімшілік тараптан ешқандай әрекет жоқ. Бізде 8 көше бар. Сол көшеге баратын басты жолға ең болмаса асфальт төсеп берсе екен», – деді Бурыл ауылының тұрғыны Нұрлан Мәдібеков.

Жергілікті билік өкілдері аталған мәселеден хабардар. Әкімнің сөзінше, өзіне дейін бұл лауазымда болған әріптестері тарапынан мердігерлер жұмысы жіті бақыланбаған. Ал бағаналар мен көгілдір отын құбырларының қисаюына қатысты өзінше топшылады.

«Бұрын дұрыс істемеген жерлер бар, рет-ретімен істеп жатырмыз. Ал бағанға қатысты ештеңе айта алмаймын. Қазіргі таңда жер қатып тұрғасын оған тиісуге болмайды. Тұрған жеріміз саз болғандықтан, баған қисайып кетеді. Күн жылынса, қайта жөндейміз. Өткенде аяздан газ құбыры жарылды», – деді  Бурыл ауылдық округінің әкімі Ерлан Әшірбеков.

Билік бұқара базынасы көктем келе орындалатынын атап өтті.

Жомарт Есқара, Тілеуқабыл Саржан, «Алматы» телеарнасы Жамбыл облысынан