2022 жылы Алматыда әлеуметтік қажеттіліктерге 33,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді

29.07.2022 21:18

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Данияр Әлкебайұлы мәлімдеді

2022 жылы Алматыда әлеуметтік қажеттіліктерге 33,2 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының орынбасары Данияр Әлкебайұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Осы жылдың 6 айында 12,5 млрд теңге төленді, халықтың әлеуметтік қорғалмаған топтарына жататын 137 мың адамға көмек көрсетілді», - деді спикер.

Биыл халықты жұмыспен қамту орталығына 21 400 қала тұрғыны өтініш білдірді, оның 16 мыңы жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, Данияр Әлкебайұлы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанын хабарлады. 

Алматы әкімі жас мамандардың еңбекақысын 122 мың теңгеге дейін арттыруды тапсырғанын айтты..

Басқарма өкілі жұмыссыздар үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді 3 айлық курс ұйымдастырылғанын да атап өтті.  Сонымен қатар, оқу барысында олардың барлығына 21 мың теңге көлемінде шәкіртақы беріледі. Биылғы жылы 647 алматылық кәсіптік оқуға жолдама алды.

Сондай-ақ спикер кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерге 1,2 миллион теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар қарастырылғанын айтты. Қазір 15 адам тігін шеберханаларын, машиналарды жөндеу және басқа да қызмет көрсету салаларын ашуға грантқа ие болды.