Қалада қабырғасы сетінеген 1028 үй болса, оның 508-і Түрксіб ауданында орналасқан
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев алғашқы жұмыс күнінде қаланың Түрксіб ауданын аралап, халықпен жүздесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шаһар басшысы алдымен Алматы-1 теміржол вокзалына ат басын бұрып, ондағы атқарылған жұмыстармен және алдағы жоспарлармен танысты. Есте болса, осыған дейін вокзалға қарама-қарсы саябақ жөндеуден өткен болатын. Онда 30-ға жуық ағаш отырғызылып, 40 шақты көше шамы орнатылған. Сондай-ақ, 2500 мың шаршы метрге тас төселіп, 5 мың шаршы метр аумақ абаттандырылды. Қайта жөндеуден кейін вокзал маңындағы 48 заңсыз дүңгіршек сүріліп, 33 бейнебақылау камера қойылған. Бұл халықтың қауіпсіздігі үшін қолға алынып отыр.
Бұдан соң Бақытжан Сағынтаев Сейфуллин даңғылының бойындағы ескі үйлерге бас сұқты. Айта кетейік, қалада қабырғасы сетінеген 1028 үй болса, оның 508-і Түрксіб ауданында орналасқан. Үйлердің басым бөлігі, 1921 мен 1961 жылдар аралығында салынған. Бұл мәселе енді назарға алынады.