Содан кейін құжаттар мұқият сараптамадан өтеді
Қазақстанда жаңа заң жобалары қоғаммен талқыланатын болады. Содан кейін құжаттар мұқият сараптамадан өтеді. Ары қарай оларға қаншалықты тиімді екеніне баға беріледі. Тиісті заңды бүгін Сенат депутаттары қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«....әзірлеуші органдар реттеушілік саясаттың консультативтік құжатын әзірлейді. Бұл құжатта проблемалар мен ықтимал шешімдер көрсетіледі. Ол мүдделері қозғалатын мақсатты топтармен талқыланатын болады. Талқылау қорытындысы бойынша заң жобасының тұжырымдамасы жасалады», – деді ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев.
Сонымен бірге сенаторлар елде заңдар мен заңға тәуелді актілер тым көп дейді. Ал бұл көбінесе мемлекеттік органдар үшін жаңа функциялар құруға және олардың аппаратын кеңейтуге әкеледі. Бұл тек мемлекеттік қызметшілердің ғана емес, кәсіпкерлердің де қызметін шектейді деп санайды депутаттар.
«Жалпы Қазақстан Республикасында 2,5 мыңнан астам заң қабылданды. Олардың 301-і дербес, 90%-ы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңдар және ратификацияланған халықаралық шарттар. Тек қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің саны 51 мыңнан астам», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қанатбек Сафинов.