Польшалық қария Қазақстаннан іздеген отбасын Ресейден тапты

19.02.2019 21:20

Өкінішке қарай, поляк отбасы іздеген, 1910 жылы туған Устиньяның о дүниелік болғанына 34 жыл толған екен

Польшаның 90 жастағы тұрғыны Kyzylorda-news.kz редакциясы арқылы іздеу салған Қазақстанда тұратын отбасының немересін ҚазАқпарат тілшісі Ресейден тапқан.

Макинск селолық округінің әкімдігіндегілер біраз жайдың бетін ашып берген. Миринчук отбасы шынымен де, Біржан сал ауданының Макинка ауылында тұрып, кейін 90-шы жылдары Ресейге қоныс аударған. Олар Устиньяның 58 жастағы немересі Татьяна Миринчукпен байланысқа шығуына көмектескен. Бүгінгі таңда Татьяна Ресейдің Омбы қаласынан 58 шақырым қашықтықта орналасқан Омбы облысы Марьяновка кентінде тұрады екен.

«Миринчук Устинья Васильевна – менің әжем. Мен оның ортаншы ұлы Петрдің үлкен қызымын. Поляктардың, оның ішінде Иза тәтейдің біздің үйге келгені әлі есімде. Олар әжемнің үйінде болды, әкем мен әжем оларды құшақ жая қарсы алды. БАҚ-та жарияланған суреттердегі – Иза тәтей», – дейді Татьяна.

Өкінішке қарай, 1910 жылы туған Устинья о дүниелік болған.

«Наурыз айында оның бақилық болғанына 34 жыл толады. Ал атамыз Максим Андреевич 1988 жылы қайтыс болды. Әкеміз де 1993 жылы дүниеден өтті. Өткен жылы анамыз да марқұм болды. Әкеміз қайтыс болған соң, анамызды жалғыз қалдырмайық деп Ресейге алып кеттік», – дейді немересі.

Татьянаның сөзінше, Устиньяның үлкен ұлы Ростов облысында тұрды. Оның артында екі баласы қалған. Ортаншы ұлдан туған қыздың отбасы Омбы облысында және Германияда тұрады. Ал кіші ұлының туыстары Алматы облысында тұрып жатыр. Үлкен ұлы Анатолий мен кіші ұлы Виктор Польшаға қонаққа барған. Дегенмен, материал әзірленіп жатқанда Татьяна Миринчук Kyzylorda-news.kz бас редакторының орынбасары Жәнібек Исаевқа хабарласып үлгеріпті.

«Уламен Фейсбук арқылы байланыстамын. Әлгінде ғана оған Татьянаның координаттарын жібердім. Біз бұл оқиғаны одан әрі қадағалап, жалғасы не болғанын айтамыз», - дейді телефон арқылы Ж.Исаев.

Өз кезегінде, пан Ула бұл оқиғаға бей-жай қарамай, көмек қолын созғандарға ризашылығын білдірді.

«Миринчук отбасын іздеуге көмектескендерге көп рахмет. Арада көп жылдар өтсе де, біз Устинья Миринчуктің жомарт жүрегі мен көмегін  ұмытқан жоқпыз және оларға алғысымыз шексіз», – деп жазды ол.

Еске сала кетейік, өткен ғасырдың алғашқы жартысында Қазақстанға жер аударылған Ула Котарбаның отбасына Макинка ауылының тұрғыны Устинья Миринчук көмектескен екен. Ол жер ауып келген поляктарды қамқорлығына алып, соңғы нанымен бөлісіпті. Соғыстан кейін Изабелла Польшаға қайта оралады. Қос отбасы біраз уақыт хабарласып, қал-жағдай сұрасып тұрған. Алайда, кейін байланыс үзілген. Интернет арқылы іздеу нәтиже бермеген соң қария Устинья Миринчуктың отбасын табу үшін Kyzylorda-news.kz редакциясы арқылы қазақстандықтардан көмек сұраған еді.