Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді
Елімізде волонтерлік қызметті еңбек кітапшасына енгізу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайырымдылық және волонтерлік ұйымдар, сондай-ақ бизнес секторы өкілдерімен онлайн түрде өткен кездесуі барысында мәлімдеді. Одан бөлек, ерікті жастарға университетке, колледжге оқуға түсерде бірқатар басымдық берілмек. Жиында волонтерлер қызметін дамыту және оған қолдау көрсету мәселелері де талқыланды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатып айтсын.
Еріктілермен кездескен мемлекет басшысы волонтерлік қызмет пандемия кезінде жұдырықтай жұмылуға септесіп, жалпұлттық сипат алғанын атап өтті. «Асар» деген ата дәстүрдің сақталып келе жатқанына ризашылығын білдірді. Расымен, қиын-қыстау кезеңде қоғамға бей-жай қарамайтын жандардың ортақ іске жан-жақты қолдау білдіргеніне куә болдық.
«Біз пандемия кезінде елге 97 мың дана экспресс-тест сатып алып, оны Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларына үлестірдік. Сондай-ақ, екі мобильді ПТР зертханасын алу үшін қордан 4 млн доллар қаржы бөлінді. Қазір бірнеше қайырымдылық жобалармен жұмыс істеп жатырмыз», – деді «Болат Өтемұратовтың қоры» қоғамдық қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
«Пандемия кезінде біздің назардан бірінші, екінші топтағы мүгедек жандар да тыс қалмады. Оларды протез, есту аппараты сияқты қажетті заттармен қамтыдық. Еліміздің бірнеше өңірінде мектеп жасындағы көру қабілеті нашар балаларға керекті аппараттар сатып алдық», – деді «Дегдар гуманитарлық қоры» корпоративтік қорының директоры Лаура Ахметова.
Президент елімізде қайырымдылыққа тікелей және жанама түрде атсалысатын адамдардың артып келе жатқанын айтты. Осы орайда енді волонтерлік жұмыс қызметкердің еңбек кітапшасында міндетті түрде тіркелетін болады. Сонымен қатар, университетке немесе колледжге оқуға түсер кезде волонтерлікпен айналысатын жастарға бірқатар басымдық беріледі.
«Волонтерлік жұмысты дамыту бұл өте жауапты іс. Кездесу барысында біз өзіміздің ұсыныстарымызды айттық. Мәселен, қала бюджетін оңтайландыру үшін мектептер мен жоғары оқу орындардың базасы арқылы түрлі балалар үйірмелерін, спорт секцияларын тегін үйретуді қолға алуға дайынбыз. Ол үшін бізде барлық ресурстар да, қажетті мамандар да жеткілікті. Тәжірибеміз де мол», – деді «Я - Алматинец» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Константин Авершин.
Қазіргі таңда Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен түсінікті әрі тиімді болатын «Қайырымдылық туралы» заң әзірленуде. Жалпы бүгінде табысын қайырымдылық жобаларға бағыттаған ірі бизнесті 3 пайызға, ал шағын және орта бизнесті 4 пайызға салықтан босату заңнамалық тұрғыда қарастырылған. Алайда бұл жеңілдіктерді шағын және орта бизнес саласы әлі де пайдаланбай отыр. Сондықтан мемлекет басшысы бұған қайта талдау жасап, тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
«Менің ойымша, бұл өте дұрыс шара. Адамдардың жеке түрде көмектесуін дамыту керек және бұл сұрақты кеңейту керек деген Президенттің сөздерін естідік. Біз оны қолдаймыз толығымен», – деді меценат, кәсіпкер Қайрат Құдайберген.
Жиын барысында қайырымдылыққа қатысты ақпараттық жұмыстар дұрыс жолға қойылмағаны тілге тиек етілді. Адамдарға қайырымдылыққа бөлген қаржысы кімге және қандай мақсатта жұмсалғанын хабардар ететін оңтайлы тетіктің қажеттігі айтылды.
«Қайырымдылық пен волонтерлік қызметі туралы мәселелердің көтерілгені көңіл қуантады. Себебі қазіргі қоғамда бұл өзекті. Өз жұмысымыз арқылы жас ұрпаққа үлгі бола аламыз. Біз волонтерлар – мемлекеттің көмекшісі әрі серіктесі бола білуіміз маңызды. Қиындық пен туындаған мәселелерден қашпай, керісінше біріге шешуге дайынбыз», – деді «Вкусные обеды» жобасының жетекшісі Расима Темірбаева.
Жалпы онлайн форматта өткен кездесуде волонтерлердің қоғамдағы рөлін арттыру және дамыту мәселелері қаузалды. Қатысушылар өз ойын, пікірлерін ортаға салды. Ал мемлекет басшысы Үкімет жанындағы Қайырымдылықты дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылған бастамаларды пысықтап, заңнамаға өзгеріс енгізу жұмыстарын кешіктірмеуді тапсырды.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы