Алматыда жылыту маусымына дайындық кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр

09.08.2023 21:24

84 қазандықтың төртеуі жылыту маусымына дейін ауыстырылады

Almaty.tv

Алматыдағы нысандарды жылумен қамтып отырған 84 қазандықтың төртеуі жылыту маусымына дейін ауыстырылады. Қазір олардың 67 пайызы тозған. Бұл туралы «Алматыжылужай» компаниясының мамандары айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда жылыту маусымына дайындық кестеге сәйкес жүргізілуде. Апатты жағдайдың алдын алу мақсатында Табиғи монополияларды реттеу комитеті мен «Алматыжылужай» компаниясы арнайы тексеріс жүргізді. Екі мектепке барып, жаңартылған қазандықтың жай-күйін тексерді.

– Биылғы осы маусымаралық жөндеу науқанында мектептің ұлғаюына байланысты қазандықтың қуатын үлкейтуге тура келді. Сондықтан бұрын қойылған қазандықтарды жұмыстан алып, орнына қуаты жоғарылау жаңа 2 қазандық орнатылды, – деді  «Алматыжылужай» ЖШС қазандықтарды бақылау басқармасының басшысы Абзал Жағыпаров.

Мамандар тексеріс нәтижесінде екі нысаннан да олқылық анықталмағанын жеткізді. Жауапты компания өкілдері өзге де жылу жүйелеріне қатысты бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асырып жатқанын айтты.

– Бұл қазандықтар жыл сайын жөндеуден өтетін. Соңғы рет 2006 жылы ауыстырылған. Енді тозатын уақыты да жетті. Биыл кезекті жөндеуден өтіп, қазандықтар жаңарды. Біз тексеріп шыққан екі нысан да жылыту маусымына толығымен дайын деп айта аламын, – деді  «Алматыжылужай» ЖШС бас инженерінің орынбасары Павел Леденцов.

Сондай-ақ мамандар жылу жүйелеріне қатысты тексерістерді уақытылы өткізіп тұрудың маңызды екенін айтады. Егер қазандықтардың негізгі және қосалқы жабдықтары осы қарқынмен жөнделіп, ауыстырылып тұрса, құралдардың тозуы да 1,2 пайызға төмендейді.

– Бүгінде осы жылу жүйесінің жай-күйін ретке келтіру үшін 1 миллион 895 мың теңге бөлінген. Оның ішінде қосымша жұмыстарға бөлінген сома - 1 миллион 602 мың теңге. Ал жергілікті бюджеттен 1 миллион 157 мың теңге қарастырылған, – дед ҚР Ұлттық экономика министрлігі табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Әсел Бөденеева.

Айта кетейік, қазір мегаполисте 9 үлкен және 75 кіші қазандық бар. Қазір 14 қазандыққа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Президент Екібастұздағы жылу электр орталығын жөндеу жұмысымен танысты