Президенттікке үміткер Дәния Еспаеваның сайлауалды штабы үгіт-насихат жұмыстарының қарқынын бір сәтке бәсеңдеткен жоқ. Дәния Мәдиқызы Ашық есік күні шарасы аясында бірқатар шетелдік журналистермен кездесіп, сауалдарына жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Олардың қай-қайсысы болсын, Қазақстан тарихында Президент сайлауына түсіп отырған тұңғыш әйелдің ұстанымдары мен қағидаларын білуге ынтызар.
«Сіздің бағдарламаңызда не себепті тек қана экономикалық мәселелер көтерілген. Сіз онда декоммунизация жайлы жазғансыз» немесе «Ресеймен қарым-қатынасқа қалай қарайсыз?» деген сауалдар да болды. Меніңше, кездесу жақсы өтті. Жеке өзіме, партияның атына түскен сауалдарға толық жауап бердім деген ойдамын», – дейді ҚР Президенттігіне үміткер Дәния ЕСПАЕВА.
Ашық есік күні шарасы барысында үміткер қарапайым тұрғындарды да қабылдады.
«Ақ жол» партиясынан президенттікке ұсынылған Дәния Еспаеваны қолдау шаралары әлі де жалғасып жатыр. Ертең оның республикалық сайлауалды штабына шетелдік байқаушылар келіп, үгіт-насихат барысымен таныспақ.