СҚО биылғы Жеңіс күнін 4 ардагермен қарсы алды
СҚО биылғы Жеңіс күнін 4 ардагермен қарсы алды. Ғасырлық ғұмыр кешіп, ұрпаққа бейбіт күн сыйлап кеткен батырларға өңірдегі тілшілеріміз арнайы барып, мерекемен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Василий Макиенко – Есіл ауданына қарасты Волошинко ауылының тумасы. 1926 жылы дүниеге келген ардагер 17 жасында соғыста сап түзеген. Борки ауылының маңындағы 44-атқыштар полкінде әскери дайындықтан өткен ол кейіннен Белорусь жеріндегі 142-атқыштар дивизиясына жіберіледі.
– 1944 жылдың соңында соғысқа аттандық. Ашық айқасқа түстік. Біздің әскер жау қатарын сирете бастаған кез еді. Жеңіс те жақындай түскен, – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Макиенко7
Талайдың тағдырын жалмап, өмірін қиған соғыстың аяқталғанын Василий Васильевич Кёнигсбергтегі шайқаста білген. Жеңіс күні туралы айтқанда ардагердің ерекше толқығанын байқадық. Соғыс бітсе де, қызметін жалғауды жөн көрген кейіпкер кейіннен әуе-десант әскерінің қатарында 5 жыл борышын өтейді. Бұл аралықта 75 рет парашютпен секірген сержант 1950 жылы елге оралған. Бірақ жалғыз емес. Ардагер «Мария екеуміз қазір 5 немере, 7 шөбере бағып отырмыз» дейді.
– Қай кезде де қорқыныш болады. Соғыс дегенің сұмдық. Әуеде ұшып келе жатып, «аман қалсақ екен» деп ойлайсың. Парашютпен секіру де оңай емес. Күндіз де, түнде де, суға да, отқа да секірдік, – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Макиенко.
Отан үшін от кешкендердің қатарында Валентина Волкодав та бар. 1941 жылы 17 жаста болған бойжеткен ойланбастан майдан даласына аттанған. Сарбаздар үшін өткелдер мен көпір салуға міндеттелген отряд жауынгері жеңісті Германия астанасында қарсы алады.
– Берлинде болдық. Айналаның бәрінде оқ жауып жатты, еске алған сайын денем түршігеді. Жастар бұл сұмдықты көрмесін деп тілеймін! – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Валентина Волкодав.
Валентина өмірлік жарын соғыста жүріп жолықтыған. Қос майдангер 1960 жылдары Қазақстанға қоныс аударады. Сол кездегі Целиноградта керамика зауытының есепшісі қызметін атқарған ардагер 1992 жылы Петропавлға келген. Ол – 4 немере, 3 шөберенің әжесі.
– Анам – өте ақкөңіл, адал жан. Бізді үнемі шыншыл болуға үйретті. Бір-бірімізді, өмірді сүйіп ғұмыр кешіп жатырмыз. Әкеміз өмірден өткенімен, оның орнын анам жоқтатпады. Ол қиындыққа мойымаған қайсар жан, – деді ардагердің қызы Евгения Колпакова.
Соғыс ардагері биыл 102 жасын қарсы алды. Ол «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны босатқаны үшін», «Белорусьті азат еткені үшін» медалі және «Ұлы Отан соғысы» орденінің екінші дәрежесімен наградталған.
Айта кетейік, майдан даласына бір ғана СҚО-дан 32 мың азамат аттанған.
Мадина Оқас, Нұргүл Алина, «Алматы» телеарнасы, СҚО
Оқи отырыңыз: Жеңіс күні: алматылықтар мәңгілік алауға гүл шоғын қойды