Қыс-2023: Алматыда оқу-жаттығуы өтті

24.11.2023 21:25

Іс-шараға 252 құтқару қызметкері мен 67 техника жұмылдырылды

Almaty.tv

Алматыда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттың алдын алу үшін «Қыс-2023» оқу-жаттығуы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Басты мақсат – жылу жүйелерінде, пеш қазандықтарында шыққан қызыл жалынды дер кезінде өшіру. Сонымен қатар апат кезінде, амалы қалмай бойын үрей билеген тұрғындарды сауатты құтқарудың жолын көрсетілді. Оқу-жаттығуға 252 құтқару қызметкері мен 67 техника жұмылдырылды.

– Қазір оқу-жаттығу үшін, батыс бағыттағы жылу қазандығының өртенгендігі туралы хабар бердік. Алматылық азаматтық қорғау қызметі жабық нысан ішіндегі шыққан қызыл жалынды өшіруі керек. Ашық жанатын өртке қарағанда, жабық нысандардағы тілсіз жау қауіптірек болады. Өйткені ыстан улану қаупі басым. Сондықтан пеш қазандығындағы қызметкерлер мен жұмысшыларды алдымен сыртқа таза ауаға алып шығу керек, – деді қалалық ТЖД бастығының орынбасары Асан Айтеев.

Кез келген жалын шарпыған орындарда өрт сөндірумен қатар, ондағы адамдары апаттан арашалап алу – қиын тапсырманың бірі. Мамандардың айтуынша, уақытты тиімді пайдалану үшін нақты құтқару жоспар болуы керек. Ал бүгінгі жаттығуда берілген тапсырманы құтқарушылар жоғарғы деңгейде орындап шықты.

– Қазандықтың отқа оранып жатқанын хабарлады. Өрт сөндіргіш зеңбіректің бағытын көздеп, су жібердік. Тапсырманы 6 адам болып орындадық, – деді аға инженер Бағдат Оразаев.

Оқи отырыңыз: Көкқайнарда жарылған құбыр ретке келдірілді