Жобаның мақсаты - әр өңірде талантты жастардың пулын қалыптастыру
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың өңірлік кадр резервтеріне іріктеу 1 наурызда басталады. Оған талантты және белсенді жастар кіреді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Шынарай Әлімхан айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Жобаның негізгі мақсаты - әр өңірде талантты жастар арасынан жаңа ойлау көшбасшылары – жас басқарушылар пулын қалыптастыру.
Іріктеуге 35 жастан аспаған, жоғары білімі және кемінде 3 жыл еңбек өтілі бар адамдар қатыса алады.
Мемлекет басшысының 2023 жылғы 15 маусымдағы Жарлығымен облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың Өңірлік кадр резервін қалыптастыру қағидалары бекітілді.
- Алматы қаласы бойынша Өңірлік кадр резервіне 2 жыл мерзімге 10 кандидат қабылданады. Өңірлік резервке іріктеу өткізу туралы хабарландырулар Агенттіктің, Департаменттің, Алматы қаласы әкімі аппаратының интернет-ресурстарында, сондай - ақ бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын болады, - деп хабарлады Шынарай Әлімхан.
Іріктеу мынадай салалық бағыттар бойынша жүргізіледі: инфрақұрылымды, өнеркәсіпті және сауданы дамыту; ішкі саясат және инвестициялар; экономикалық және қаржылық саясат; цифрландыру; әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
Аймақтық резервке іріктеу қандай кезеңдерден тұрады:
1) кандидаттардың құжаттарын қабылдау;
2) заңнаманы білуге және жеке қасиеттерін бағалауға тестілеу;
3) уәкілетті орган жүргізетін құзыреттерді бағалау;
4) комиссиядағы құрылымдық сұхбат;
5) комиссия отырысында Өңірлік резервке алуға кандидатураларды қарау.
Құжаттарды қабылдау 2024 жылғы 1-31 наурыз аралығында өтеді. Үміткерлер құжаттарды жоба onir.pkrezerv.gov.kz. сайтында тапсыра алады.
- Егер құжат тапсыру кезінде үміткердің жасы 36-ға толмаған болса, оның конкурсқа қатысуға толық құқығы бар, - деп қосты өз кезегінде ӨКҚ брифингіне қатысқан Алматы қаласы әкімі аппараты басшысының орынбасары Бауыржан Қабдол.
Ол іріктеуге қатысу үшін қандай құжаттар қажет болатынын атап өтті:
- ҚР жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі;
- білім туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері;
- еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі (Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес);
- соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған іріктеу тәртібінің қосымшасына сәйкес нысан бойынша кандидаттың қызметтік тізімі;
- түсті фотосурет.
- Сонымен қатар, біздің департаментке Достық даңғылы, 134 мекенжайы бойынша қағаз формасында не хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта мекенжайына электрондық түрде құжаттарды беру де мүмкін екенін атап өткен жөн, - деп қосты Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Шынарай Әлімхан.
Сондай-ақ, жеке кабинетте барлық құжаттар топтамасын тіркеп, ұсынғаннан кейін үміткер өңірді және салалық бағытты таңдайтынын түсіндірді. Бір аймақты және бір салалық бағытты таңдауға рұқсат етіледі.
Іріктеудің екінші кезеңі заңнаманы білуге және жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеуден тұрады. Тестілеу ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласы бойынша филиалының тестілеу залдарында офлайн форматта өтеді
- Тестілеуді тапсыру тілін үміткер өз бетінше таңдайды. Тестілеу нәтижелерін есептеу автоматты түрде жүзеге асырылады. "Заңнаманы білуге арналған тестілеу" бірінші блогы 5-9 сәуір аралығында өтеді. «Жеке қасиеттерді бағалауға арналған тестілеудің» екінші блогына заңнаманы білуге тестілеуді ең жоғары баллмен тапсырған үміткерлердің 50% - ы өтеді, - деп атап өтті спикер.
Үшінші кезең - «құзыреттерді бағалау» Астанадағы ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді (алдын ала 22 сәуір – 7 маусым).
Қатысушылар конкурсқа қатысу шығындарын өз қаражаты есебінен жүргізеді. Бұл кезең кандидаттардың мінез-құлық индикаторларының жиынтығы арқылы белгілі бір құзыреттерді (белсенділік, қызметті басқару, мәселелерді талдау және шешу, көшбасшылық, сенімділік) анықтауға және бағалауға бағытталған және топтық және жеке жаттығуларды қамтиды, олардың барысында кандидаттардың мінез-құлқын сертификатталған сарапшы-бағалаушылар бақылайды.
Төртінші кезең барысында қатысушылар таңдалған салалық бағытқа сәйкес өз жобаларын таныстырады.
Құрылымдық сұхбат жүргізу кезеңінде өңірлік резервке іріктеудің ашықтығын қамтамасыз ету үшін қоғамдық бірлестіктердің, ҮЕҰ, БАҚ, бизнес-қоғамдастықтардың өкілдері және салалық сарапшылар тартылуы мүмкін.
Бесінші кезеңде – «комиссия отырысы» резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылды.
- Әрбір кезеңнің нәтижелері комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, кандидаттардың жеке кабинеттерінде, сондай-ақ жоба сайтында орналастырылатын болады. Сондай - ақ үміткерлер тілді таңдап, әр кезеңнің өту күні мен уақытын резервтеуге мүмкіндік алады, - деп толықтырды Шынарай Әлімхан.
Оқи отырыңыз: Мемлекет қаржыландыратын спорт түрлерінің тізімі өзгерді ме