Келушілер 8 мыңға жуық жәдігері бар мұражай мен қайраткердің музей-үйін тамашалады
Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың дүниеден өткеніне 31 жыл толды. Қазақтың біртуар ұлын еске алу үшін Алматы жұртшылығы ескерткіш алдына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бір минут үнсіздікпен басталған жиынға аты аңызға айналған тұлғаның көзін көргендер, жақындары мен курсанттар қатысып, құрмет көрсетті. Сөз алған Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті және Дінмұхамед Ахметұлының жеке дәрігері жылы естеліктерін де бөлісті. Іс-шарада бюстке гүл шоғы қойылып, көгершін ұшыру рәсімі де жүргізілді. Сондай-ақ кемеңгер тұлғаның өмір деректері айтылып, келушілер 8 мыңға жуық жәдігері бар мұражай мен қайраткердің музей-үйін тамашалады.
– Дәл осындай іс-шаралар бүгін Шымкент, Тараз, Қонаев, Талдықорған және тағы басқа қалаларда өткізіліп жатыр. Дінмұхамед Ахметұлы жайындағы естеліктер халық жадынан шыққан емес, шықпайды да. Ал биыл Тарих және этнология институты қазақтың біртуар ұлының бейнесін одан ары аша түсуге арналған монографияны аяқтап жатыр. Биыл Дінмұхамед Қонаевтың өмір деректерінен сыр шертетін 2 фильмнің түсірілімі аяқталды. Оның алғашқысы 2025 жылы 12 қаңтарда туған күніне орай көрсетілмек, – деді Д. Қонаев атындағы халықаралық қордың президенті Эльдар Қонаев.
Сонымен қатар, еске алу күніне орай, көпшілікке 1993 жылы Дінмұхамед Ахметұлына берілген Pontiac Grand Prix көлігінің жаңашаланған нұсқасы таныстырылды. Мұхтар Аухадиев және Жанат Байқошқаров сынды кәсіпкерлер сыйлаған көлік 200 ат күшіне ие. Бірақ ол 2006 жылдан бері мұражайда сақталған. Жылдар бойы қозғалысқа жарамай тұрған көліктің қозғалтқышын және электр жабдықтары мен шанағын кәсіпкерлер түгелдей жаңартып шығарған.
Оқи отырыңыз: Даму бала: Алматы – бағдарламаға қаржы бөлген жалғыз өңір