Жамбыл облысында қызғалдақтардың табиғи паркі ашылады

Almaty.tv
Almaty.tv
Аталған ақпар аймақта өткен фестивальде айтылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамбыл облысындағы қызғалдақтар енді халықаралық қорғауға алынады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл мақсатта тіпті ЮНЕСКО-ның әлемдік мұра тізімі дайындалып, геологиялық парк ашу жоспарланып жатыр. Аталған ақпар аймақта өткен фестивальде айтылды.  

Бөкен Мұса – Қытай қазағы. Ол осы уақытқа дейін 60-қа жуық кинофильмнің жарыққа шығуына атсалысыпты. Бүгінде Қытай, Қырғызстан мен Қазақстан киногерлерімен бірігіп барыс туралы фильмге дайындалуда. Сол үшін ата-қонысқа арнайы келіпті. Жауқазын жайнаған алаңдарды тамашалаған турист, сәті түссе өңір ғажайыбын фильмде көрсетпек.

«Дүние жүзін алып қарайтын болсақ,  Қазақстанның табиғаты ерекше. Оның үстіне әкемнің туған жері. Керемет өлкені әйеліме көрсету үшін бірге алып келдім.Осы жерде кино түсірейік деп жатырмыз», – деді турист Бөкен Мұса.

Жамбыл облысында қызғалдақтың 35 түрі бар. Оның 12-сі еліміздің қызыл кітабына енгізіліп, қорғауға алынған. Ал грейг тұқымы халықаралық қорғауда. Ол теңіз деңгейінен 1100 метр биіктіктегі Қаратау тауының сілемдерінде өседі. Бір қызығы жауқазынның бұл түрі еліміз бойынша тек осы аумақта бар екен. Жалпы қызғалдақ фестиваліне Германия, Қытай, Қырғызстан мен еліміздің туристері және қызғалдақ зерттеушілері қатысты. Олар «жауқазын жаһанға Қазақстаннан тараған» - деген пікірді қолдайды.

«Қызғалдақтар көптеген жыл бұрын Ұлы Жібек жолымен Азия, Иран арі қарай Түркияға тараған. Одан ары әлемге тарады десек қателеспейміз. Жалпы түркі елдеріне ортақ LOL деген мереке болған. Бұл парсы тілінен аударғанда қызғалдақ деген сөз. Яғни қызғалдақтың гүлдеуі жаңару, жаңа өмір бастау сынды мәнге ие болған. Сондықтан мамандар бұл гүлді ерекше қорғауға алуды ұсынып отыр», – деді  тарихшы-археолог Ескендір Төрбеков.

Фестиваль аясында ЮНЕСКО өкілдерімен кездесу өтеді. Сәтін салса елдегі алғашқы геологиялық парк құрылып, жауқазындар ерекше қорғауға алынбақ. Шараның қорытындысы бойынша, облыстағы қызғалдақтардың географиялық атлас картасы жасалатын болды. Соның негізінде туристерге арналған маршрут жоспарланбақ.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматылық оқушылар саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алды

Новости партнеров