Түзетулер 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі
Маңғыстау облысында шамамен 370 адам банкрот деп танылған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олардың банк алдындағы қарызы 355 млн теңге болып кетіпті. Ал өзін банкрот деп тануға 3 мыңнан аса адам арыз берген. Бірақ мемлекет олардың көбінің өтінішін мақұлдаған жоқ. Өйткені, азаматтардың құжаттары мен несие тарихы талапқа сай болмай шыққан. Айта кетейік, заңда рәсімдердің үш түрі қарастырылған. Олар соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған жағдайларды қолдануға құқығы бар азаматтың шеңберін кеңейту мақсатында, заңға өзгерістер енгізіліп, қол қойылыпты. Түзетулер 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі.
«Рәсімдерді қолдану негізін қайта қарауда, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру үшін қарыздардың мерзімін өткізіп алу және мүліктің болуы міндетті емес. Лицензиясынан айырылған тарату барысындағы қаржы ұйымдарын, арнайы қаржы компанияларын соттан тыс банкроттық рәсімінің кредиторлары тізіміне қосу. Сонымен қатар, соттан тыс және сот банкроттығы рәсімдерін қолдану үшін төлемнің болмау мерзімін есептеуді нақтылау. 1 АЕК-тен кем төлемдер өтеу болып есептелмейді», - дейді Маңғыстау облысы Кірістер департаменті борыштармен жұмыс басқармасының бас маманы Гүлмира Балықбаева.