Сайлау күні оларды тасымалдау үшін қалада арнайы инватакси қызмет етті
9 маусым күні ҚР Президенттік сайлауына 42 мың алматылық мүмкіндігі шектеулі азамат белсене қатысқан. Ал, сайлау учаскесіне мүлдем келе алмағандарына дауыс беру жәшігі үйлеріне жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Десек те, ерекше мұқтаж жандардың көпшілігі сайлау учаскелеріне баруға ниет білдіріпті. Оларды тасымалдау үшін саяси дода күні қалада күні бойы инватакси қызмет етті.
«Бұл сайлау өте жақсы қарқында өтті, әсіресе біздің ерекше мұқтаждығы бар азаматтарымыз үшін. Өйткені біз сайлауды жариялағаннан бастап, инспекция жасап, барлық жерді тексердік. Яғни, кімнің дауыс беруге мүмкіндігі бар-жоғын қарастырдық. Мүмкіндігі шектеулі жандар сайлауға өте белсенді қатысты. Өйткені бұл – өзіміздің азаматтық позициямызды көрсетуге жақсы мүмкіндік. Көбісі «мен мүгедекпін» деп үйде отырмай, халықпен бірге барып дауыс беріп, бюллетендерді жәшікке өз қолымен тастағанды жөн көрді», – деді Алматы қаласы «Мүгедектер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Ұлан ІҢКӘРБЕКОВ.