Атырауда бұралқы иттер көлікті "бөлшектеп" тастады

15.05.2022 21:39

Төбеттер капоттың астына тығылған мысықты таламақ болып, иномаркаға қатты зақым келтірген

© Sputnik / Тимур Батыршин

Атырау тұрғыны көлігінің алдыңғы бампері жұлынып, оның бөліктері айналада шашылып жатқанын көргенде қатты абыржып қалды. Kia Soul автокөлігінің иесі не жағдайболғанын көшедегі бейнебақылау камерасынан анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі sputnik.kz сайтына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеодан екі төбет біраз уақыт машинаны айналып жүргенін көруге болады. Одан соң иттің бірі бамперді тістеп, жұлқылайды. Біраздан соң, иттер бамперді жұлып алады.

Әлеуметтік желі қолданушылары роликті қалжыңға айналдырды. Олардың кейбірі бұл төбеттер өткен өмірінде кузов цехында жұмыс істеген болар деп әзілдеді.

Ал көлік иесі бұл ешқандай күлетін жағдай емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, қаңғыбас иттердің мұндай әрекетіне капот астына төбеттерден тығылған мысық себеп болған. Иттердің мысыққа қатты өшіккені соншалық, оларды тіпті көлік бампері де тоқтата алмаған.

Қала полициясының баспасөз қызметі, бұл оқиғаны растады. Алайда онда қылмыстық құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, көлік иесі келтірілген шығынды өндіріп алғысы келсе, ол азаматтық тәртіпте сотқа жүгінуі керек. Ал қала көшелеріндегі қаңғыбас иттерге жауапты қала билігі сот алдында жауап беретін тарап болады.