Шерхан Мұртазаның дүниеден өткеніне бір жыл толды. Елім деп еміренген ер, Қазақстанның дамуына өлшеусіз үлес қосты. Халықтың мұқтажын мінберде бұқпасыз айтты. Арда азамат сонысымен де ел жадында мәңгі сақталады. Шерағаның шекпенінен шыққан шәкірттері тау тұлғаның шыншыл екенін айтып еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шерхан Мұртаза... Күллі қазақтың жүрегінде жатталған есім. Заман шындығын айтып, ақиқаттың алдаспанына айналған заңғар тұлға. Қоғамдық ой-сананы оятқан, қазақ руханиятына өлшеусіз мұра қалдырған қарымды қаламгер.
Шерағаң еш шүбәсіз ұлтының ұлық перзенті. Ол жұрт көкейіндегі толғақты мәселерді тарқатып, батыл үн қата білді. Халықты жұмылып жұдырық болуға, бірігіп білек болуға үндеді.
Шерағаң шығармашылығының шырқау кезеңдері 50 жылдардың бел ортасынан басталды. 1957 жылдары «Лениншіл жас» газетінде жас журналистің жалынды мақалалары жарқ етіп көрінді. Қаламы ұшқыр қаламгерге Өзбекәлі Жәнібековтың өзі бата беріп, Камал Смайылов жұмысқа қабылдайды. Шерхан жан-жағына өзі секілді ұлтжанды жастарды жинайды. Қадір Мырзалиев, Мұқағали Мақатаев, Жұмекен Нәжмеденов сынды арқалы ақындарының отты жырларын жариялайды. Фаризаны, Ақселеуді, Оралханды Алты Алашқа танытады. «Социалистік Қазақстан» газеті, «Жалын», «Жұлдыз» журналдарының да мерейін өсіріп, өрісін кеңейтеді.
Сол алпысыншы жылдары қазақ басылымының беделі арта түседі. Шерхан Мұртаза қайраткерлігімен, ұлтжандылығымен, батыл мінезімен танылып, ел ішіндегі түйткілді мәселелерге қаламымен қозғау салады.
Шерағаның көзін көріп, ол кісіден тәжірибе алған шәкірттері арда азаматтың шыншыл болғанын айтады. Әр мәтіні қысқа, бірақ нақты болатын еді дейді.
«Шерағаның өзі кешегі сабақтастық қой, кешегі Бауыржандардың көзін көрген. Солармен бірге жүрген. Қазақтың, бүкіл алаштың Бауыржаны ғой. Туыстық жағын айтпай ақ қояйын. Соның барлық қасиетін Шерағаңдар алып қалды. Сөйтіп жүріп өзі де қазақ баспасөзінің Бауыржанына айналды», – деді «Алматы ақшамы» газетінің бас редакторы Қали СӘРСЕНБАЙ.
«Біз Шереғаңның жасаған, қаламынан туған туындыларын қалай дамытамыз? Меніңше, қазір қазақ қоғамында құндылықтарды қайта бағалау процессі жүріп жатыр. Міне мұндай жерлерде Шерағаның жарқылдаған найзағайдай мінезі мен ойы, білімі өте керек еді. «Еді» деген сөз әрине қиын», – деді журналист Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫ.
Халқымыздың қайраткер ұлының, Қазақстанның Халық жазушысы Шерхан Мұртаза артына ұрпағына азық болар мол мұра қалдырды. Шерағаның «шинелінен» шыққан мыңдаған шәкірттері бүгінде қазақ журналистикасында жемісті қызмет атқарып жүр. Әттең, төрт құбылаң түгел болсын ба? Шерағасыз бір жыл, міне, өте шықты... Бір кем дүние....
Өмір Әнуарбек «Алматы» телеарнасы