Енді еліміздегі мешіттер жаңа тәртіппен салынып, Діни басқарма қарамағына өтеді

24.01.2019 21:41

Жамбыл облысында жекеменшіктегі 16 мешіт ғимараты мен жер телімі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының меншігіне өтті. Ал тағы 19-ының құжаттары рәсімделіп жатыр. Бұдан өзге, еліміз бойынша мешіт салудың жаңа ережесі бекітілді. Алла үйлерін Діни басқарма қарамағына өткізудің мақсаты не? Бұл тек Жамбыл облысына қатысты науқан ба? Және жаңа тәрттіппен салынатын мешіттер қандай болмақ? Аlmaty.tv тілшісі осы сұрақтардың жауабын іздеп көрді.

Мешіттерді мүфтият меншігіне алу 2014-2015 жылдары мемлекет тарапынан белгіленген жылжымайтын мүліктерді заңдастыру науқаны аясында басталыпты. Содан бері еліміз бойынша 2600-ге жуық мешіт ғимараты мен жер телімдері Діни басқарма меншігіне рәсімделген. Себебі, Алла үйі жеке тұлғаның немесе заңды тұлғаның атында болса, оны Діни басқарманың филиалы етіп тіркеу мүмкін болмайды екен. Сондықтан қазіргі таңда жаңадан ашылған мешіттер де алдымен мүфтияттың меншігіне өтуі тиіс. Оларды бір орталықтандырудың тиімді тұстары көп дейді сала мамандары.

«ҚМДБ-ның өзіне филиал боп табылатын мешіттерін өзіне жылжымайтын мүлік ретінде тіркеуі – Діни басқарманың діни идеология тұрғысында бір орталықтан басқаруға өте үлкен серпін беретін іс болып отыр. Өйткені, кезінде көптеген жеке тұлғаның атындағы мешіттер орналасқан жерлерде Діни басқарма тағайындаған имамдарды мойындамай, өзге ағымдардың қанат жаюына, өзге дін өкілдерінің уағыз жүргізуіне мүмкіндік берді. Сондықтан мешітті мүлік ретінде де, филиал ретінде де Діни басқарманың құзіретіне қаратып, бір орталықтан басқарып, ол жерлерге Діни басқарма тарапынан имамдар тағайындау – елімізде діни тұрақтылықтың болуына өте үлкен ықпалын тигізеді», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Жанділдә БЕКЖІГІТОВ.

Тағы бір жаңалық. Енді еліміздегі мешіттер жаңа тәртіппен салына бастайды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Алла үйін салудың арнайы ережесін бекітті. Бұл құжатқа сәйкес, болашақта жаңадан салынатын мешіттің құрылысы заманауи талапқа сай, ал ғимаратының ыңғайлы әрі көрікті болуы шарт. Одан бөлек, мешіттің мұнарасы, күмбезі және ішкі-сыртқы безендірілуі жергілікті дәстүрге сай болуы тиіс.

«Мешіт салғысы келетіндер көбейіп жатыр, демеушілер де көбейіп жатыр. Сол мешіт салынған кезде біздің Орта Азиядағы, Қазақстандағы мешіттердің өзінің байырғы заманнан келе жатқан бір үлгісі бар, сол сақталуы керек. Және мешіт салған кезде барлық жағдай қарастырылуы тиіс. Кейбір мешіттер кезінде асығыс салынып кеткен. Әсіресе, жұма күні жамағаттар жиналған кезде кептелістерге себеп болып, басқа да азаматтардың ашуын туғызып жатады. Сол үшін автотұрақ мәселесі де қарастырылуы қажет. Мешіттердің іші бейнекамералармен жабдықталып, ол жерге келіп-кетіп жатқан жамағаттың қауіпсіздік мәселесі де қамтылуы тиіс», – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары Бауыржан ӘБДІРАШҰЛЫ.

Сонымен қатар, мешіт құрылысына сапалы әрі ұзақ мерзімге шыдайтын материалдарды пайдалану талап етіледі. Ережеге сәйкес, мешіттің сыйымдылығы да қарастырылуы тиіс. Яғни, жергілікті жамағаттың саны ескерілуі міндет. Мәселен, мешіт ғимараты жергілікті жамағаттың санына орай: ауылдық, аудандық, облыстық немесе қалалық болып 3 деңгейде салынады. Ал өз ауылына, туған жеріне ғибадатхана салғысы келетін азаматтарға Алла үйінің жобасын жасамастан бұрын, басқарманың ережесімен танысып, бекітіп алуы керек дейді діни басқарма өкілдері. Айта кетсек, қазір елімізде 2 600-ден аса мешіт бар.


Тоғжан Жалғасбекқызы, «Алматы» телеарнасы