Соғыс кезінен қалғаны да бар: Петропавлда коллекционер 40-тан астам мотоцикл жинаған

14.12.2021 21:44

Илья Заголаның мототехникаға деген әуестігі бала кезінен ояныпты

Almaty.tv

Петропавл қаласының тұрғыны Илья Загола мотоциклдерді жинап, сақтаумен айналысады. Қазір оның гаражында мотоциклдің 40-тан астам түрі бар. Коллекционер үшін оның әрқайсы қымбат, әрқайсының өзіндік тарихы бар. Арасында жарты ғасырдан артық қолданыста болған көліктер де кездеседі екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Петропавлдық Илья Заголаның мототехникаға деген әуестігі бала кезінен ояныпты. Уақыт өте келе ол мотоциклдердің коллекциясын жинай бастаған. Өзі 16 жасында алғаш рет көлік құралын иеленіпті. Қазір оның гаражында Беларусь пен Ресейден және еліміздің басқа да қалаларынан әкелінген мотоциклдің түр-түрі бар.

«Қазір мен Харли Девидсон ВЛА 42 мотоциклін жетілдірумен айналысып жүрмін. Бұл көлік Екінші дүниежүзілік соғысты өткерген. Ол америкалық өнім. КСРО-ға Америка тарапынан көрсетілген көмек ретінде жеткізілген. Мен оны 10 жыл бұрын Өскемен қаласынан алып келдім. Оның қозғалтқышын қалпына келтірдім, бөлшектерін Америкадан сатып алып жатырмын», – дейді қала тұрғыны Илья Загола.

Мотоцикл коллекциясын жинау сүйікті ісі болғандықтан, Илья олардың әрбіріне ұқыптылықпен қарап, баптайтынын айтады. Тіпті, мотокөліктер тізілген гаражы тұрғындардың жиі келетін орнына айналған. Қала жұртшылығынан бөлек, шетел азаматтары да келіп, өздерінің таңданысын білдіретін көрінеді.

«Мұнда коронавирус басталмай жатып көп адам келетін. Көбінесе мотоцикл тізгіндейтіндер, шетелдіктер келеді. Менің досым байкер, өзім де байкермін, осында жиі уақыт өткіземіз. Шетелдіктер мен Ресейден келгендер таңданысын байқатып жатады», – деді Илья Загола.

Илья жиһаз жасау кәсібін алға дөңгелетіп отыр. Бос уақытында мотоциклдерді жөндеп, бояумен айналысады. Ол бүгінде 40-тан астам мотокөлік жинап үлгеріпті. Алдағы уақытта да сүйікті ісін жалғастырмақ ниетте.

Алина Норғожа, «Алматы» телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысынан