Кім кінәлі: Қарағандыда құбыр жарылып, цехты су басып қалды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұрғын үйлердің терезелері сынып, аулада тұрған көліктердің сау-тамтығы қалмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарағандыда жылу құбыры жарылып, жақын маңда тұратындардың көлігі зақымданған. Олар шығынды тек сот арқылы өндіріп ала алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарағанды көшелерін  көлге айналдырған гидравлика сынағы тұрғындарды әбден әбігерге түсірді. Коммуналдық мекеме қызметкерлері желілерді жөндеп болып, қысыммен су жіберген. Ал тозған құбыр шыдас бермей, бірден атылған. Салдарынан тұрғын үйлердің терезелері сынып, аулада тұрған көліктердің сау-тамтығы қалмаған. Шығынға батқан жұрт жанайқайын тәуелсіз сарапшыларға жеткізіп әлек.

– Төрт жылдан бері осы жағдай қайталанады. Терезелер сынды. Көліктің шығынын кім өтейді?  Әкім де қарамайды. Жұмыс істей алмайтын адамдарды шығару керек, – деді қала тұрғыны Айгүл Орашева.

Ол аздай, мүмкіндігі шектеулі азаматтар жұмыс істейтін цехты да су алып кеткен. Апат болған сәтте қызметкерлер қызу жұмыс істеп жатқан. Олар жанып тұрған тоқты сөндіріп үлгерген.

– Су 40 сантиметрге дейін көтерілді. Судың астында тоқ ұрса, не болады? Адамдар цехта жұмыс істеп жатқан. Ешкім зардап шеккен жоқ, – деді цех қызметкері Бекзат Ахметов.

Ал жағдайға себепкер болған компания өкілдері шығынды өтеуге мүмкіндігі жоқ екенін айтты.

– Мемлекеттің мекеме болғандықтан, шығынды өтей алмаймыз. Заңға сәйкес ережелері бар. Біріншіден, тұрғындар сотқа шағымдануы керек. Соттың шешіміне сай шығын өтеледі, – деді  «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС бөлім басшысы Аян Шәкен.

Коммуналдық мекеме өкілдерінің сөзінше, Қарағандыдағы жылу құбырларының 71 пайызы тозған. Жағдайды жауаптылар назарға алмаса, мекемемен соттасар жұрттың саны да азаймайды.

Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды

Оқи отырыңыз: Елге жасалған қастандық: Мәжіліс депутаты «Қошқар ата» көлін көму жұмысына қатысты пікірін айтты

Новости партнеров