Топ мүшелері қаланың бірнеше үлкен супермаркеттерінде қойылған сатушысыз кассалардың жағдайымен де танысып қайтты
Сатушысыз касса, метродағы ашық турникет. Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шаһардағы бірнеше сауда орындары мен метростансаларының бірінде осындай адалдық орындарын ашқан еді. Мұндай заманауи кассалар АҚШ, Батыс Еуропа сондай-ақ Қытай елдерінде кең таралған. Құқықтық сананы арттыруға бағытталған жобаны қала жұрты қалай қабылдады? Адалдық орындарын шаһардың қай жерінен табуға болады? Агенттік ұйымдастырған мониторинг жұмысына Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай да қатысып қайтқан еді.
Шара жемқорлыққа қарсы агенттіктің орталық аппаратынан Алматыға келген өкілдің іс-сапары аясында өтіп отыр. Агенттік қызметкерлері ең алдымен «Алмалы» стансасына қойылған «кедергісіз турникеттің» жұмысымен танысты. Ашық тұрған жабдықтан 935 мың жолаушы өткен. Ал оның 0,1 пайызы жол ақысын төлемеген. Мамандардың айтуынша, бұл өте жоғары көрсеткіш.
«2019 жылдың наурыз айында Алматы метрополитені сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің бастамасымен «Алмалы» станциясында ашық турникет орнатқан болатын. Бұл жобаны азаматтар мен жолаушылардың санасы мен сеніміне сүйене отырып жасадық. Статистика бойынша тұрғындарымыздың 99 пайызы өздерінің парасатты, адал жандар екендігін көрсетті», – деді қалалық «Метрополитен» КМК директорының орынбасары Абзал Шөгелбаев.
Топ мүшелері қаланың бірнеше үлкен супермаркеттерінде қойылған сатушысыз кассалардың жағдайымен де танысып қайтты. Мұндай «адалдық дүкендерінде» қадағалаушы қызметкер жоқ. Келушілер азық-түлік бағасын өздері есептеп, төлем жасайды.
Адалдық кассаларында өзіне-өзі қызмет көрсетуге барлық жағдай жасалған. Мұнда келушілер үшін арнайы нұсқаулық бар. Сіз алған азық-түліктің ақшасын төлей аласыз, не төлемей шығып кетуіңізге де болады. Барлығы өз ұятыңызда.
Игі жобаға дүкен басшылары да риза. Себебі, автоматтандырылған кассалар сатушы жалдайтын қаражатты үнемдейді.
«Жалпы бұл бастамалардың барлығы «Адалдық алаңы» жобасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Негізгі мақсат – тұрмыстық жемқорлықты жою, яғни азаматтарға өзінің парасаттылығын көрсету, адалдығын көрсету. Кассада немесе адалдық турникетінде метродағы ешқандай қадағалаушы азамат жоқ. Олар жеке өзінің арымен бірге бір қалады», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі парасаттылық департаментінің басшысы Ғанижан Асанұлы.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі заманауи үрдісті басқа салаларға да енгізбек. Ондағы мақсат – қоғамда жоғары моральдық қасиеттерді тәрбиелеу.
Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» арнасы