Таза Қазақстан: атыраулық зейнеткер қоқыс алаңын бақшаға қалай айналдырды

Almaty.tv
Almaty.tv
Ауласында 200-ден астам дәрілік өсімдік, 100-ден астам жеміс ағашы мен 500-ден аса көкөністің түрі бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына ел бойынша 3 миллионға жуық азамат атсалысқан. Бастаманы қолдайтындардың қатарында атыраулық ақ жаулықты аналар да бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазына Буреева жастайынан бау-бақшаның қасында жүріп, егудің қыр-сырын меңгерген. Оған ағаш отырғызып, гүл өсіру таңсық дүние емес. «Алғаш осы жерді сатып алғанда көз тоқтатар не ағаш, не шөп атаулы болмады» деген ол аумақты көрікті мекенге айналдырмақ.

– 2005 жылы қоқыс орнына айналған жерден 6 сотық жер алдым. Соның бәрін тазартып, өсімдіктің түр-түрін алып, егтім. Жеміс беріп жатыр. Дәрілік өсімдікті қолданса, денсаулыққа да пайдалы, – деді зейнеткер Қазына Буреева.

Кейіпкеріміздің аядай ауласында 200-ден астам дәрілік өсімдік, 100-ден астам жеміс ағашы мен 500-ден аса көкөністің түрі бар. Сонымен қатар, Қазақстанда жерсінуі қиын өсімдіктерді де кездестіруге болады. Жасы 75-ке жақындаған қария әлі де тың.  Зейнеткер «үйінің айналасын таза ұстап қана қоймай, оны көгалдандыру, сол арқылы өңіріміздің экологиясын жақсарту әр тұрғынның мақсатына айналса екен» дейді. Ол «ел Президентінің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» жобасы жыл сайын ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау - қараша халықтың әдет-дағдысына, тұрмыс салтына айналуы тиіс» деп пікірін білдірді.

– «Тазалық  –денсаулық кепілі». «Таза Қазақстан» акциясын қолдаймын. Жастар игі бастаманы жылдан-жылға, әкеден-балаға мұра ретінде қалдыратын дәстүрге айналдырады деп ойлаймын, – деді зейнеткер Қазына Буреева.

«Атадан мал қалғанша тал қалсын» дейді халқымыз. Мұның астарында терең мағына жатыр. Бұл істе аға ұрпақ жас буынға өнеге көрсетуі тиіс десек, кейіпкерден алар үлгісі мол.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау

Оқи отырыңыз: АЭС: Жобаның түпкі мақсаты – экологияны жақсарту



Новости партнеров