Министрлік мінсіз қызмет атқарған полицейлерді марапаттады

07.05.2022 21:48

Президентінің жарлығымен ішкі істер органдарының 25 қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды, сегіз басшы жоғары атақ – генерал шенін алды

Polisia.kz

Ішкі істер министрлігінде Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 77 жылдығына орай мінсіз қызметімен ерекшеленген полицейлер мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері марапатталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл күні Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен ішкі істер органдарының 25 қызметкері мемлекеттік наградамен марапатталды, сегіз басшы жоғары атақ – генерал шенін алды.

Сондай-ақ ішкі істер министрінің бұйрығымен 820 қызметкер түрлі марапатқа ие болды.

Марапатқа ие болғандардың қатарында ер адамды ажалдан аман алып қалған павлодарлық полиция қызметкерлері Данат Камалиев пен Бақытжан Мұхамбетов те бар. Қызмет барысында қауіпке бас тіккен қос жігітке "Ерлігі үшін" медалі табысталды.

Шараға марқұм Олжас Рысбектің ата-анасы арнайы шақыртылды. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторы Олжас қауіптің алдын алу үшін көлікті тоқтатпақ болып, қызмет барысында қаза тапты. Оның ата-анасына ІІ дәрежелі "Айбын" ордені табысталды.