Алматыда «Жүз жасаған Жамбыл» атты айтыс өтті

16.09.2021 21:49

Іс-шараның басты мақсаты – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлділі Ж. Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын қазіргі жастарға насихаттау

Алматыда «Жүз жасаған Жамбыл» Open air жобасы аясында оқушылар арасында айтыс ұйымдастырылды. Аталған іс-шара Қала күні мен жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдық мерейтойына орай өткізіліп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv

Іс-шараның басты мақсаты қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлділі Жамбыл Жабаевтың өмірі мен шығармашылығын қазіргі жастарға насихаттау. Жоба аясында Жабаев ескерткіші алдындағы ашық алаңда оқушылар ақынның өлеңдерін оқып, арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

«Бұл іс-шараның Алматы қаласының әкімдігіне қарасты рухани жаңғыру бағдарламасы аясында рухани жаңғыру мемлекеттік мекемесі тікелей ұйымдастырып жатқаны шыныменде жанға жылу беретін, рухани әлемді бір биік шыңға шығаратын жақсы бір іс-шара өтіп жатыр», – деді Қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлиев.

Сондай-ақ, Ғ.Мүсірепов театрының алдында ашық алаң сахнасында «Жамбыл менің жәй атым, халық менің шын атым» атты жастар арасында айтыс өтіп, «Жүз жасаған жүректен» атты театрландырылған қойылым көрсетілді.

«Жалпы Ж. Жабаевтың 175 жылдығына арналған бұл іс-шара рухани жаңғыру жобалық кеңсесінің тапсырысымен орындалып жатыр. Бұл жобаның өткізудегі негізгі  мақсатымыз ол  жастар арасында Жамбылдың жырын кеңінен насихаттау. Жамбылдың жырлары мен өлеңдері және айтыстары арқылы отансүйгіштікке, елін мен жерін сүйгіштікке баулу. Негізгі мақсатымыз осы», – деді ұйымдастырушы Дархан Балажанов.

Бүгінде ақынның Алатаудай асқақ, теңіздей терең, тау суындай тасқынды жырлары талай ұрпақтың жүрегінен орын алып келеді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Қасымхан Талғатұлы, Арсен Сандыбаев,«Алматы» телернасы