Қаңтар оқиғасы мен саяси реформалардың байланысы қандай – Президент жауабы

17.03.2022 00:03

Мемлекет басшысы стратегиялық мақсатқа жетудің 10 бастамасын ұсынды

Almaty.tv

Президенттің туыстары бұдан былай мемлекеттік лауазымды қызметке келе алмайды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында бұған заң жүзінде тыйым салынатынын айтты. Жалпы Мемлекет басшысы стратегиялық мақсатқа жетудің 10 бастамасын ұсынды. Оның ішінде Парламенттің ықпалын күшейту, партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыру, әйелдер мен балаларға зорлық-зомбылық жазасын қатаңдату секілді маңызды міндеттер бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

  

Президент Жолдауында стратегиялық мақсатқа жетудің 10 бастамасын ұсынды. Оның ауқымы бір жылмен шектелмейді. Қасым Жомарт Тоқаев суперпрезиденттік басқарудан мықты Парламент жүйесін күшейтуді, партиялар арасындағы бәсекелестікті арттыруды тапсырды. Ол үшін өзі де «Аманат» партиясынан кететінін мәлімдеді. Әрі барлық облыс әкімдері мен орынбасарларына да партия филиалдарында қызмет етуге заң жүзінде тыйым салынады.

Алдымен Президент қаңтар оқиғасына қатысты мәселелерді тілге тиек етті. Теріс пиғылды адамдардың мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғанын айтты. Соңғы жылдары Қазақстанда түбегейлі жаңғырту, трансформациялау жұмыстары жүргізілгендіктен, бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамағанын жеткізді.

«Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы бандалар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды. Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Одан кейін Президент елімізде жүргізілетін ауқымды саяси реформаларға тоқталды. Енді Мәжілістегі Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы Сенатқа беріледі және 9-дан 5 депутатқа дейін қысқарады. Соған орай, Мәжілістегі депутаттық орынның жалпы саны азаяды. Сенаттағы президенттік квотаны бақылау құралы ретінде емес, Парламентті әлсіз ұсынылған әлеуметтік топтардың дауысы мен пікірін ескеру тетігі ретінде қарастыру керек деді. Сондықтан Сенаттағы президенттік квотаны 15-тен 10 депутатқа дейін қысқартты.

«Алдымызда Парламенттің рөлін күшейту міндеті тұр. Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан, тиімді мемлекетке айналдырамыз. Осыған орай күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидатын басшылыққа аламыз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президенттің партия мүшесі болуын заңды тұрғыдан тоқтатуды ұсынды. Бұл норма саяси бәсекелестікті арттырады, барлық партиялардың дамуы үшін тең жағдайды қамтамасыз етеді деп атап өтті. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы әкімдердің партия филиалдарын басқаруды алып тастау керектігін айтты.

«Барлық азаматтарға бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғымас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын. Президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналады», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан бөлек, сайлау жүйесі жетілдіріледі. Енді сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға болады. Көп партиялы сайлау үлгісі азаматтардың саяси белсенділігін арттырып, елімізді жаңғырту үдерісіне жұмылдыра түсетініне сенім білдірді. Сонымен қатар Жолдауда Есеп комитетінің орнына жоғары аудиторлық палата құрылатыны айтылды. Олар жылына екі рет депутаттар алдында есеп беруге міндетті.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан