Палуан жүлдегерді өзінің туған ауылына шақырып, тұлпар тізгінін қолына ұстатты
Олимпиада чемпионы мұндай сыйды «Алматы» телеарнасының 20 жылдығына орай, «Медеу» мұз айдынында өткен мерекелік шарада ұтыс ойындарының жеңімпазына атаған еді. Сол уәдесінде тұрған палуан жүлдегерге сыйлығын табыстау үшін өзінің туған ауылына шақырып, тұлпар тізгінін қолына ұстатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қазіргі жастардың артықшылықтары көп. Біз оған көңіл бөлуіміз керек. Өзім осындай іс-шараға қатысқаныма ризамын. Телеарна Алматы қаласының өсіп-өркендеуіне, қаламыздың көркеюіне үлес қосып жатыр. Ендеше, телеарнаның 20 жылдығы құтты болсын! Бәріміз осы ұжымға бақыт тілейік. Әрқашанда осындай жақсы жағынан көрініп, Алматының қандай екенін дүниежүзіне жая берсе деп тілеймін», – деді Олимпиада чемпионы Жақсылық ҮШКЕМПІРОВ.
Ал, бас жүлдені иеленген жеңімпаз мұндай құнды сыйлықты ұтып алғанына қуанышты екенін жасырмады. Оны Олимпиада чемпионының қолынан алу үлкен мәртебе екенін де жеткізді.
«Біз мұндай жүлдені ұтып алмақ түгілі, осындай керемет концертке қатысамыз деп те ойлаған жоқпыз. «Алматы» телеарнасын мерекесімен құттықтаймыз. Өте қуаныштымыз, біз үшін бұл ерекше сыйлық болды», - дейді жеңімпаз Қымбат ЖАҚЫПОВА.